ШОБ-тың дамуы: Қазақстан экономикасын нығайтудағы кәсіпкерліктің маңызы
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 наурызда VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысқан Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін айтты. Кәсіпкерлер неліктен еліміздің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратыны, сонымен бірге мемлекет оларға қалай қолдау көрсететіні жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.
Шағын және орта бизнес қалай дамып жатыр?
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 1 904 656 шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектісі тіркелген. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 31,1%-ға өскен. ШОБ субъектілерінің жалпы санында жеке кәсіпкерлердің үлесі – 66,6%-ды, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғаларыдың үлесі – 21,1%-ды, шаруа немесе фермер қожалықтары – 12,2%-ды, орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары 0,2%-ды құрады. Кәсіпкерлік нысандарының көпшілігі Алматыда (309 947), Астанада (212 402) және Түркістан облысында (196 031) жұмыс істейді.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің ең көп үлесі көтерме және бөлшек сауда саласына, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеуге (35,5%) тиесілі. Басқа қызмет түрлері 15,9%-ды, ал ауыл, орман және балық шаруашылығы 14,1%-ды құраған.
2023 жылдың 24 қаңтарында Мемлекет басшысына ұсынылған Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндамаға сәйкес, 2015-2020 жылдар аралығында елдің жалпы ішкі өніміндегі ШОБ үлесі 24,9%-дан 32,8%-ға дейін өсті. Ал 2025 жылға қарай ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 35 пайызға дейін артуы тиіс.
Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі де қарқынды дамып келеді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, әйелдер белсенді ШОБ субъектілерінің 44,6%-ын немесе 638 089 ШОБ субъектісін басқарады. Бұл кәсіпорындарда 1 миллионнан астам адам немесе елдегі шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің үштен бірі еңбек етеді.
Көтерме және бөлшек сауданы басқаруда ерлер мен әйелдер арасында аса үлкен алшақтық жоқ. Мәселен, әйелдер 252 230 кәсіпорынды басқарса, ерлер 206 312 кәсіпорынның тізгінін қолына ұстаған.

Әйелдер басқаратын және ерлер басқаратын ШОБ арасындағы ең үлкен айырмашылық – білім беру саласына тиесілі. Білім саласындағы барлық шағын және орта кәсіпорындардың 70%-ы әйелдердің иелігінде.
Айта кетерлігі, қазақстандық жастар да кәсіпкерлікпен белсенді айналысады. Мәселен, 2022 жылдың соңында елімізде 30 жасқа дейінгі жастардың жетекшілігінде 400 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеді. Сол жылы «Даму» қорының бастамасымен жас кәсіпкерлердің 3827 жобасы үшін жалпы сомасы 61,3 млрд теңге несие берілді.
Жас бизнесмендер мен іскер әйелдер арасында сауда (41,9%), құрылыс (15,9%) және кәсіптік, ғылыми-техникалық қызмет (5,9%) те танымал. Жас кәсіпкерлердің басым көпшілігі Алматы (16,7%) мен Астанада (11,4%) тұрады. 30 жасқа дейінгі кәсіп иелерінің 10%-дан астамы Түркістан облысына тиесілі.
Мемлекет кәсіпкерлерге қалай қолдау көрсетеді?
Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдаудың ауқымды бағдарламасы басталды. Осылайша, Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы шағын және орта бизнесті қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларын қарастырады. 2021 жылы осы бағдарламалар аясында 51 400-ден астам жобаға 1,9 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған жалпы несие портфелі 57%-ға өсіп, 3,4 трлн теңгені құрады.

2022 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, мемлекеттік қолдау шаралары 5200 жаңа кәсіпорынның ашылуына себеп болған. Ал 16 900 кәсіпкер өз бизнесін кеңейткен.
Сонымен бірге Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы реттеу саясатындағы бюрократияны азайту мақсатында бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Қазіргі күні жаңа реттеу саясатының негізгі шарттарына сәйкес келмейтін 9560 талап анықталған. «Таза парақтан реттеу» деп аталатын механизм бизнеске түсетін жүктемені орташа есеппен 30%-ға азайтады және оңтайлы әрі түсінікті реттеуші орта жасайды деп ойластырылған. Ол 2024 жылы іске қосылуы тиіс. Жаңа реттеу саясатын енгізу қажеттілігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында айтқан болатын. Ал оған тиісті заңға Мемлекет басшысы 2020 жылдың желтоқсанында қол қойған.
Сондай-ақ Қазақстан 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторийді 2023 жылдың соңына дейін ұзартты. Одан бөлек, кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғауға және оларға қылмыстық сот жүргізу ісіне биліктің заңсыз араласуына жол бермеуге қатысты кешенді шаралар қабылданды. Осы мақсатта Бас прокуратура кәсіпкерлікті қорғау жөнінде 2023 жылға арналған бірлескен шаралардың кешенді жоспарын бекітті.
Кәсіпкерлерге берілген преференцияларға қарамастан, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді шараларын қолға алуды тапсырды.
«Бізге Қазақстан экономикасының дамуы үшін жауапкершілікті өз мойнына ала алатын кәсіпкерлердің жаңа толқыны қажет... Мұндай адамдар әр өңірде бар. Оларға өз ісін дамытуға мүмкіндік беріп, шын мәнінде көмектесу маңызды», - деді Мемлекет басшысы 8- шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде.
4 сәуірде Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді жоспарын әзірлейтінін жеткізді. Мұнда кәсіпкерлікті, оның ішінде орта бизнесті ынталандыру, оның негізгі бағыттары - ШОБ-ты қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын қамтамасыз ету, өңірлік бағдарламалар шеңберінде олардың дамуына бөгет болатын кедергілерді жою, ШОБ-ты қаржыландыру көздерін ұлғайту қарастырылмақшы.

«Мемлекет басшысы салық саясатының жаңа моделінің қажеттілігіне назар аудартты. Барлық ұсынылған міндеттер жаңа Салық кодексі аясында жүзеге асырылатын болады. Жаңа Салық кодексіндегі тәсілдер нақты және болжамды салық саясатын құруға бағытталады. «Салықтық әкімшілендіруді оңайлату және цифрландыру бойынша шаралар қабылданады», - деді министр.
5 сәуірде Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті «Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясат» құжатын бекітті, онда жаппай кәсіпкерлікті дамыту экономикалық өсудің драйверіне және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі көзіне айналады делінген. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдау шараларына басымдық берілмекші. Салық режимдері реформаланып, кәсіпкерлік санаттарын айқындаудың бірыңғай критерийлері енгізіледі. Одан бөлек, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының барлық рәсімдері, соның ішінде нормативтік талаптары да цифрланатын болды. Жоғарыда аталған шаралар нәтижесінде 2030 жылға қарай шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40%-ға дейін ұлғаймақ.

Сарапшылар не дейді?
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Бекжан Садықов экономиканың шынайы секторында монополияның орнығып отыруын ел экономикасын әртараптандырудағы негізгі проблеманың бірі деп таниды. Сондай-ақ бизнестің күш-жігерін конвертациялауға арналған ынталандырудың әлсіздігін атап өтті.
«Бұл бағытта Президент ұстанымды айқындап берді. Бізге экономиканың дәстүрлі бағыттарында жұмыс істейтін ірі бизнестің қажет екендігі сөзсіз. Дегенмен, жаңа буын өкілдерінің орта бизнесті қалыптастыруға атсалысуы да аса маңызды. Шынайы индустрияландыру кезеңінде экономиканы ілгерілеуге бағытталған міндеттер нақ соларға қойылатын болады», - деді ҚСЗИ сарапшысы.

Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров ШОБ-ты қолдау Президент реформаларының одан арғы негізіне айналатынын атап өтті.
«Жаңа салық саясаты мен шағын және орта бизнесті қолдау стратегиясы, экономиканың бірқатар секторларын монополиясыздандыру және басқа да бастамалар кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталып, экономиканы дамытудың маңызды алғышарттарын қалады. Ол әлеуметтік және саяси реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді шетелдік сарапшы.
Жалпы айтпағымыз, елімізде шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған. Дегенмен бірқатар мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, шағын және орта бизнесті қаржыландыруға қатысты қиындықтар, білікті кадрлардың жетіспеушілігі және кәсіпкерлік мәдениеттің осалдығы секілді мәселелер оның қарыштап қадам басып кетуіне кедергі келтіріп отыр. Сондықтан да бұл проблемаларды шешуді қолға алу қажет. Өйткені кез келген ел экономикасының негізі болып саналатын шағын және орта кәсіпкерлікті дамытпай мемлекеттің макроэкономикалық жағдайының тұрақтылығы туралы айту қиын.
