Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ШОЛУ: Еңселі елорда (ІІ бөлім)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда шығыс пен батыстың айшықтарын қатар бойына сіңіріп, үйлесімді ұштастырған Астана Еуразия кіндігіндегі ең белсенді орталыққа, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын орталыққа айналды. Әйтсе де, қаланың қалыптасуы оңай болды ма? Бір қарағанда солай да секілді, өйткені Елорданы мұнай қаражаттарының арқасында салынды дейтіндер де табылады. Алайда Астана жылнамасына үңілсек осыдан жиырма жылдай бұрын бұндай батыл шешімдер қабылдау, оған жұртшылықты көндіру, көндіріп қана қоймай, соған елді ерте білу кез келген саясаткердің қолынан келе бермейтін шара екені анық.

ШОЛУ: Еңселі елорда (ІІ бөлім)

Тәуелсіздік қолға тиген алғашқы жылдары Қазақстан жұртшылығы аз қиыншылық көрмеді. КСРО ыдырап, жетпіс жыл бойы бір орталықтан басқарылып келген елдің келешегі бұлыңғыр болатын. Міне, осындай ел болудың алғашқы жылдарында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев республика астанасын Алматыдан басқа өңірге, оның ішінде орталыққа көшіру туралы мәселені көтерді. Соның арқасында 1994 жылғы 6 шілде күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім-қаулысы қабылданды. Ал бұл тарихи күнді Елбасы былай деп еске алатыны бар: «1994 жыл болатын. Кеңес Одағы ыдырап, күйреген тұс. Мемлекетте зейнетақыға, мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы ретінде төлейтін ақша қалмаған еді, милицияның өзіне жалақы бірнеше айға дейін кешігіп жататын. Міне, осы тұста мен астананы Ақмолаға көшіру керек дедім. Өйткені, жаңа мемлекетте жаңа тірек керек болды, жаңа өсім нүктесі болуы тиіс еді. Ең ақыры бір нәрсені бастан-аяқ жаңадан бастау қажет болды. Ол 6 шілде күні болатын. Мен туған күнім екеніне қарамастан Парламентке келдім, өйткені менің ұсынысыммен ешкім де келіспеген, тіпті ондай ұсынысты қабылдамайтын да еді. Парламент сессиясында сөз сұрап, өзімнің туған күнімде қаулы қабылдауды өтініп, осы іске қатысты жобаны алға тарттым. Сонда бір сыйлы депутаттардың бірі сөз алды: «Тіпті егерде біз шешім қабылдаған күннің өзінде бұның бәрін салуға шамамен 30-40 жыл немесе одан да көп уақыт кетеді. Ал бүгін оның туған күні екен. Көтеріңкі, жақсы көңіл-күймен үйіне қайтсын, осы қаулыны  қабылдайық» деді. Осылайша, менің туған күнімде тарихи шешім қабылданды да кетті». Міне, ел ордасын бүгінгі Астанаға көшірудің тарихы осылай басталған екен.

 Бұдан кейін, 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Соған орай Ақмолаға қарай ресми көштің басы 1997 жылдың күзіне қарай басталды. Осы жылдың 20 қазанында Президент Қазақстанның жаңа астанасы - Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы Ақмола қаласына жеткізілді. Осы салтанатты шарада Мемлекет басшысы Н. Назарбаев: «Барлық саяси шешімдер бүгіннен бастап осы қалада қабылданатын болады», - деп ресми жариялаған еді. Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан мереке 10 маусым күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге - Астана күні ресми атауы беріліп, ал оны атап өту алғашқы ресми шешім қабылданған күн - 6 шілдеге бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, 6 шілде - Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.

Міне, содан бергі кезеңде Алаш жұртының ару Астанасы төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті. Соның айқын дәлеліне келсек, 2010 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана Саммитін өткізгелі бері Елорданың мерейлі мәжілістер өткізе алатын деңгейі қуаттала түскендей болды. Айбарымызды асқақтатқан Азиаданы қоспағанда халықаралық саяси һәм экономикалық маңызды мәселелер талқыға салынған жиындар, жоғары деңгейде халықаралық шешімдер қабылданған мәжілістер соның айғағы. Бір сөзбен айтқанда, Астана қазақ даласының ғана емес, күллі Орталық Азияның, Еуразияның да беделін алға сүйреп келеді. Ал ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі секілді жаһандық деңгейдегі шаралардың алдағы уақытта да өткізілуі елорданың даңқын да арттыра түспек. Расында, ЭКСПО халықаралық көрмесі байтақ қаламыздың көркін ғана емес, даңқын асыра түсерінде сөз жоқ. Мұндай ауқымды шараның өзі елорданың ертеңін күрт өзгерткелі тұр десек артық айтқандық емес.

Осыған орай «ҚазАқпарат» жаңылықтар таспасында жарияланған Астана туралы ең қызықты материалдарға шолу жасауды ұсынады.

***