ШОЛУ: «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» - ел өміріне тың серпіліс әкеледі деп сенім артқан құжат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол -болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы - өзінің тарихилығымен ерекшеленетін кезекті құжат.

ШОЛУ: «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» - ел өміріне тың серпіліс әкеледі деп сенім артқан құжат

Бұл құжатта, бұдан бұрынғы қол жеткізілген нәтижелер сараланып, енді осыдан соң тың міндеттерге бағыт беріліп, соны жүзеге асыруға бар күш-жігер жұмылдырылмақ. Ұлттық қордан 2015, 2016, 2017 жылдарға, әр жыл сайын үш миллиард доллардан қаржы құйылуы соның берік кепілдігі іспеттес.   Сондықтан да бұл жолдау қазіргі кезеңнің өзінде де өзектілігін жоймаған, маңызы айырықша, ел өміріне тың серпіліс әкеледі деп сенім артқан құжат.

Бұл жолдауында түрлі маңызды мәселелер жан-жақты көрініс тапқан. Ұлт көшбасшысы халыққа арнаған Жолдауында 7 бағытқа айрықша назар аударған.

Бірінші. Көліктік-логистикалық инфра­құрылымдарды дамыту. 
Екінші. Индустриялық инфра­құры­­­лымдарды дамыту. 
Үшінші. Энергетикалық инфра­құры­лымдарды дамыту. 
Төртінші. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су- және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұ­рылымдарын жаңғырту. 
Бесінші. Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту. 
Алтыншы. Әлеуметтік инфрақұрылым­дарды дамыту. 
Жетінші. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру. 
Сонымен бірге Елбасы Жолдауда денсаулық, білім мәселесінің де күн тәртібінен түспейтінін айтты. 

 «Дамуы­мыз жедел, келешегіміз кемел болуы үшін сіздерді алдағы уақытта Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындау жолында бірлікпен, абыроймен қызмет атқаруға шақырамын»- деген болатын Елбасы.

Ел экономикасына үлкен серпіліс беретін «Нұрлы Жол -болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған басты бағыттарды жүзеге асыру барысындағы атқарылған жұмыстар «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігінің назарынан тыс қалған емес. Біз бүгін агентігіміздің наурыз айына арналған «Елбасы жолдауы» айдары бойынша жарияланған материалдардың шолу таспасын ұсынамыз.

 

***

 

Елбасы Жолдауы ел экономикасына тың серпін берді

  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Павлодарда өткен еңбек ұжымдарының республикалық форумына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады. Іс-шараға Қазақстанның 10 облысының 50 еңбек ұжымынан 4 мыңнан аса адам қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде жұмысшы мамандығын иеленген адамдардың елді дамытудағы елеулі рөлін атап өтті.
- Бүгін мұнда еліміздің және облыстардың ең үздік еңбек ұжымдарының өкілдері жиналды. Бұлар - шахтерлар, металлургтер, машинистер, теміржолшылар, мұнайшылар, жұмысшы мамандығының барлық өкілдері. Сіздердің еңбектеріңіз арқылы металлургиялық балқыту пешінде, кен орындары мен шахталарда, зауыттарда, автокөлік жолдары мен теміржолдарда отандық экономика дамып жатыр. Мен жұмысшы мамандығының қандай екенін жақсы білемін. Біз Қазақстанда жалпыға ортақ еңбек қоғамын жарияладық, «Еңбек даңқы» арнаулы орденін тағайындадық. Оның алғашқы лауреаттары осы залда отыр. Ең мықты валюта - адам еңбегі, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы қиын жағдайға қарамастан, Қазақстан экономика өсімінің қарқынын сақтап, ел азаматтарына әлеуметтік кепілдіктер ұсынып отырғанына назар аударды.
- Қазір әлемдік нарықтар құлдырау үстінде. Көптеген әлемдік компаниялар өндірісті, қызметкерлерді қысқартуға мәжбүр, әлеуметтік шығыстар мен әлеуметтік кепілдіктер көлемі азаюда. Жұмыссыздық өсіп келеді. Осының бәрі - жаһандық экономикалық дағдарыстың салдары. Біздің Қазақстан кәсіпорындары да күрделі жағдайға тап болды. Қазақстандық тауардың басым көпшілігінің, соның ішінде шикізат, мұнай, металл және өнеркәсіп өнімдерінің бағасы төмендеп кетті. Бүгінде индустрияландыру және «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы баламалы экономика құруды бастауымыздың арқасында бізде өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлемі қысқарған жоқ. Әлеуметтік міндеттемелерді толық орындап отырмыз, өйткені Қазақстан осындай қиындықтарды еңсеру үшін берекелі жылдары қор жинады, - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті кәсіпорындар мен өндірістерде жұмыс орындарын сақтаудың маңыздылығын да айрықша атап өтті. 
- Сондықтан барлық өңірде әкімдіктер мен жетекші кәсіпорындар арасында жұмыс орындарын сақтау, жұмыс берушілердің жергілікті қайта оқыту бағдарламаларына қатысуы туралы меморандумдарға қол қойылды. Осындай күрделі жаһандық дағдарыс ахуалында біздің мемлекет жоғары әлеуметтік жауапкершіліктің, еңбек адамына деген қамқорлықтың үлгісін көрсетіп отыр. 1 қаңтардан бастап біздер әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын, студенттердің стипендиясын, әлеуметтік төлемдерді көбейттік. Бүгінде бірде-бір ел бұлай істеп отырған жоқ. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында әлеуметтік кепілдік шаралары ұсынылды, жаңа еңбек кодексі қабылданды, кәсіподақтар рөлі күшейтілді. Келер жылдан бастап баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру жөніндегі жаңа жоба іске қосылады. Соның арқасында миллиондаған қарапайым Қазақстан азаматы өмірге еңбек жолдамасын алады. Бұл - мемлекет тарапынан жастарға жасалған зор қолдау. Қарапайым адамдардың күнделікті қажеттіліктері, жаңа жұмыс орындары, лайықты еңбекақы, құқық тәртібі мен елдегі тұрақтылық - біздің дағдарысқа қарсы саясатымыздың басты назарында, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы елді инфрақұрылымдық дамытудың алдағы жоспарына тоқталды.
- Биыл менің тапсырмам бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асыруға айтарлықтай қаражат бөлінді, бұл шамамен 60 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 18 мыңнан кем емес жұмыс орны ашылады, 1 мыңға тарта инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Біз индустриялық даму бағдарламасын да жалғастырамыз. Түсті металлургия, мұнай-газ, энергетика секторы, өңдеуші өнеркәсіп сияқты негізгі салалар қуатты серпін алатын болады, - деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустриялық дамуындағы Павлодар облысының рөлін атап өтті.
- Біздің жоспарларымыз нақты шындыққа айналып жатқанын осы жерден көруге болады. Облыс сыртқы инвестициялар көлемінен алғашқы бестікке кіреді, мұнда 182 миллиард теңге инвестиция тартылған. Металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі өсіп келеді, жергілікті кәсіпорындар жаңа өнім түрін шығаруды игеруде. Мыс кенін өндіру басталды, бұл тау-кен саласындағы өсімді үш есе арттырды. Жалпы, өнім экспортының көлемі 100 миллиард теңгеден асты. Индустрияландырудың осы бес жылдығында қазірдің өзінде 5 жаңа өнеркәсіптік нысан іске қосылды. Индустрияландыру картасы бойынша инвестициялар көлемі 800 миллиард теңге болатын 20-дан астам жоба жүзеге асырылуда. Осының бәрі - жаңа жұмыс орындары, экономика өсімін қамтамасыз ететін жаңа өндірістік қуаттар, - деді Мемлекет басшысы. 
Қазақстан Президенті өңір халқын әлеуметтік қолдау мәселелеріне мемлекет зор көңіл бөліп отырғанына назар аударды.
- Облыс тұрғындары үшін 20 әлеуметтік сала нысаны салынды, перинаталдық орталықтың жаңа заманауи корпусы, 7 дәрігерлік амбулатория ашылды, 5 мектеп салынды, соның 4-еуі ауылдық жерде. Сіздердің өңірлеріңіз - балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 процент қамтып отырған бірден-бір аймақ, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы алда келе жатқан Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу мәселесіне назар аударып, барлық отандастарға тұтастық пен бірлік үшін ризашылық білдірді.
- Өткен ширек ғасыр Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу кезеңі болды. Біз елімізді танымал және беделді елге айналдырдық. Осының бәріне біз өзара сеніміміздің, тұтастығымыздың, бауырластық пен достығымыздың арқасында қол жеткіздік. Көптеген елдерде қасіретті оқиғалар орын алып жатқан кезде бұл өте маңызды. Жетекші мемлекеттер арасындағы текетірес өршіп тұр, қақтығыстар басылар емес, соғыс жүріп, адамдар қаза болып жатыр. Жүз мыңдаған босқындар өз үйлерін, жиған дүние-мүлкін, Отанын тастап, баспана мен көмек сұрауға мәжбүр болуда. Ал Қазақстанда татулық пен келісім салтанат құрып отыр. Сол үшін барлық буынның өкілдеріне, барлық ұлттан шыққан азаматтарымызға айрықша алғыс айтамын, - деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті елдің барлық азаматтарына денсаулық, табыс және бақ-береке тіледі.
Форум барысында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарының еңбек ұжымдары өкілдері сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаевқа қарапайым еңбеккерлердің мүддесіне ұдайы көңіл бөліп отыратыны үшін алғыстарын білдірді.
Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алғыс айту күніне арналған іс-шараға қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Нұр Отан» партиясының, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ғылыми және шығармашылық зиялық қауым өкілдері, жастар қатысты.

Мемлекет басшысы Алғыс айту күніне арналған «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» экспозициясын көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтады.

«Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында айтылған менің ұсынысым жұртшылықтан кеңінен қолдау тапты. Сол іс-шарада елдегі түрлі этнос өкілдері бір-біріне және қазақ халқына алғыс тақырыбын қозғады. Биылғы қаңтарда мен тиісті жарлыққа қол қойдым. Алғыс айту күні - енді ұлттық күнтізбедегі Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мерекелердің қатарындағы жаңа дата. Мен бұл мереке қазіргі уақытта аса қажет біздің қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті тарихымыздың көптеген беттері биік моральдық құндылықтардың бірі ретінде алғыспен байланысты екенін атап өтті.

«Біздің бабаларымыз халықтың басына түскен ауыр сынақтарға төтеп беретін күш-қуат дарытқан туған жерге және тағдырына риза сезімде болған.  Олар әскери шапқыншылық жылдарында, қуаңшылық немесе жұт кезінде көмекке келген жақындарына, туыстары мен көршілеріне әрдайым алғыс айтқан. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты қайғы-қасірет жылдары миллиондаған адам бір-біріне көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін ризашылық танытты. Бұл барынан айрылған адамдарға тіршілік жасауға, үмітін қайта жалғауға, өмірді қайта бастауға күш берді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сол қуғын-сүргін жылдарының куәгерлері мен олардың ұрпақтары Қазақстанның қасиетті жерінде көрген қамқорлық пен қонақжайлықты қазір айрықша жылылықпен еске алатынын айтты.

«Олар кезінде өздеріне де оңай болмағанына қарамастан қазақтардың қайырымдылығы үшін, сол кездегі тыйымдарға қарамастан батыл әрі риясыз көмегі үшін алғыс айтады. Қазақтар да бауырластарға туған өлкеге деген сүйіспеншілігі үшін, жеріміздің түрленуіне қосқан үлесі үшін, ұлттық мәдениетке, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреді», - деді Қазақстан  Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде еліміздің көпэтностылық тарихынан сабақ алу қажеттігіне назар аударды.

«ХХ ғасырда Қазақстанда көпэтносты халық қалыптасты. Столыпин реформасы кезіндегі шаруаларды қоныстандыру барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтен 1 миллион 150 мың адам келді. 30-жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық өңірлерінен тәркілеуге түскен 250 мың шаруа жер аударылды. Осы уақыттары өнеркәсіп нысандарының құрылысына 1,2 миллион адам келді. Сталин режимі кезінде тұтастай бір халықтар - 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қиыр Шығыстан жер аударылды. Оларды тауар вагондарына тиеп, қақаған қыста ашық далаға әкеп тастады. Ол кездері мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Өздері жоқшылықта отырса да, қазақ отбасылары оларды үйлеріне кіргізді. Солардың бірі біздің үй болатын», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сталиндік қуғын-сүргін кезінде елімізде 11 арнаулы лагерь - АЛЖИР, Қарлаг, Степлаг, Дальлаг, Песчанлаг, Камышлаг, Жезқазғанлаг, Актөбе, Петропавл, Кегір және Өскемен лагерлері құрылғанын, оларда мыңдаған тұтқын отырғанын айтты.

«Солардың көпшілігі тұтқыннан босағаннан соң кеткен жоқ, осы жерде тұрақтап қалды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елімізге түрлі кезеңдерде көп адам келгенін атап өтті.

«Соғыс кезінде Қазақстан эвакуацияланған 350 мың адамды қабылдады. 50-жылдары тың игеруге 1,5 миллион адам келді, жабық әскери нысандарда 150 мың маман және олардың отбасы мүшелері жұмыс істеді. ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға барлығы 5,6 миллион адам қоныстанды. Жергілікті халықтың саны ол кездері 6 миллионның шамасында болатын. Қылмыстық сипаттағы Сталиндік ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллион адам аштан қырылды. Тағы миллионнан аса адам өзін және балаларын аман сақтау үшін бұрынғы КСРО аумағынан кетуге мәжбүр болды. Қазақтарға жойылып кету қаупі туды. Біздің көпэтностылығымыз осылайша қолдан жасалды. Бірақ мұнда біздің жерімізге еркінен тыс келген адамдардың еш кінәсі жоқ. Біз Тәуелсіздіктің жаңа дәуірінде барлық этностарды біртұтас, ұйысқан халыққа айналдыра білдік. Бүгінде бұл - біздің ең басты артықшылығымыз. Біздің күшіміз де осында. Менің тапсырмам бойынша, тарихымыздың осы парақтары Астанадағы жаңа Ұлттық тарих музейінің экспозицияларында көрініс табатын болады», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сол кезеңнің тоталитарлық машинасынан барлығы жапа шеккенін атап өтті.

«Біз жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтеміз. Бүгінде біз - 100-ден аса этнос және 17 конфессия өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан бірегей елміз. Біз бірге қалалар мен кенттер салып, егін егіп, индустрияны дамытып, жол салып жатырмыз, отбасын құрып, бала тәрбиелеудеміз. Табыстарымызға бірге қуанып, ең қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Менің тапсырмаммен Ассамблеяның бүкіл елдегі барлық қайырымдылық шаралардың үйлестірушісі ретіндегі рөлі Ұлт жоспары аясында заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Ассамблея тарихы - біздің достығымыз бен тұрақтылығымыздың тарихы. Алғыс айту күні бізді бұрынғыдан да жақындастыра түсетініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті татулық пен келісімде бірлесіп өмір сүру салты әсіресе жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында көші-қон хаосы басталған, этносаралық және әлеуметтік қақтығыстар ушыққан бүгінгі таңда еліміздің ең қымбат тәжірибесі екеніне назар аударды.

«Біздің бірегей этносаралық келісім тәжірибемізді неғұрлым көп ел пайдаланатын болса, соғұрлым әлем де қауіпсіз бола түсетініне сенімдімін. Біз - ынтымағы жарасқан керемет халық мекендейтін ғажайып елміз. Татулық пен келісімнің қазақстандық тәжірибесі негізінде біздің болашағы біртұтас ұлт қалыптасуда. Сондықтан, біз Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде әділ таңдадық. Бұл күнді айрықша қайырымдылық акцияларымен, мұқтаж жандар мен жақындарға қолдау көрсету арқылы атап өту маңызды. Осыған байланысты Ассамблеяның арнаулы қорын құрып, сол арқылы қолдау көрсеткен жөн болар еді. Әрбір ауылда, ауданда, қала мен облыста әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған қоғамдық шаралар айрықша мәнге ие», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бүгінде Қазақстаның алдында зор міндеттер тұрғанын атап өтті.

«Менің халыққа Жолдауымды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру жүріп жатыр. Біз «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын іске асырудамыз. Сондықтан мен бүгін бірлік пен келісімге, достық пен өзара түсіністікке деген құлшынысы үшін бүкіл Қазақстан халқына зор ризашылығымды білдіргім келеді. Әр үйде татулық, жақсылық және береке болсын. Алғыс айту күні еліміздің ең айшықты, әркімнің де жүрегіне жақын мейрам болатынына сенімдімін», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурыз тағы бір тарихи сәт - «Нұр Отан» партиясының құрылған күні екенін атап өтті..

«Мен баршаңызды осы айшықты күнмен құттықтаймын. «Нұр Отан» 17 жылда үлкен жолды жүріп өтті. Біздің партиямыздың саяси көшбасшылығы барлық қазақстандықтар мақтан тұтатын нақты жетістіктерге айналды. Қазір партия алдында айрықша маңызды міндеттер тұр. Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мен қолжетімді баспана, жол, электр стансаларының құрылыстарына, әрбір кенттегі нысандарды жөндеу жұмыстарына елеулі қаражат бөлу туралы мәлімдедім. Осының бәрі адамдар үшін жасалуда, олар жұмысқа тартылады. Осы қызметтің бәрін «Нұр Отан» жүргізетін болады. Әрбір қазақстандықтың игілігіне бағытталған, жүргізіліп жатқан реформалар мен бағдарламалардың мәнін әрбір адамға түсіндіре аламыз деп үміттенемін», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазір «Нұр Отан» партиясы Мәжіліс сайлауы бойынша сайлау  науқанын жүргізіп жатқанына назар аударды.

«Бұл - мемлекеттің баршаны ұйыстырып, Қазақстанымыздың өркендеуіне жұмылдырып отырған нағыз басты саяси күші екеніне сенімдімін. Сайлау науқаны аясында тек үгіт-насихат қана емес, тұғырнаманы таныстыру да жүріп жатыр. Партияның өзі жаңарып, жаңа жақтастармен толығуда. Біздің қатарымызға Қазақстанның жаңа азаматтары қосылып отырғанының мәні зор», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті рәсім барысында «Нұр Отанның» жаңа мүшелеріне партия билеттерін тапсырды. Мемлекет басшысы олардың бәрін өмір жолындағы жаңа кезеңдерімен құттықтап, мықты денсаулық пен игілік тіледі.

«Бұл - Сіздер үшін саяси саладағы жаңа жолдың басы. Сіздер халықтың игілігіне бағытталған партияның идеялары мен ой-тұжырымдарын жеткізушілер боласыздар. Сіздер өз энтузиазмдарыңызбен және өз халқыңызға пайдасын тигізуге деген ниеттеріңізбен адамдардың жүрегіне жігер беруге тиіссіздер. Бүгін партияға түрлі этностардың өкілдері кіріп отырғанының да терең символдық мәні бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Конституция мен ел заңнамасында ұлттық және діни ерекшелігіне қарамастан барлық азаматтардың теңдігі көрініс тапқанына назар аударды.

Заңның осы ережелерін мүлтіксіз орындау керек, оларды қалауынша әлдекімдерге түсіндіруге жол беруге болмайды. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше рөл жүктеледі. Мен орын алған кейбір құқық бұзушылықтарға байланысты бұл туралы айттым да. Біз үштілділік бағытын ұстанып отырмыз және бұл әлдебіреудің қалауы емес, уақыттың талабы. Мемлекеттік тілді, титулды этностың тілін білуге біз міндеттіміз. сондықтан да біз қазақшаға балаларды мектептен бастап үйретіп жатырмыз. Біз ағылшын тілін де білуге тиіспіз, өйткені ол ғылымның, инновация мен ақпараттық технологияның тілі. Ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілін де білу маңызды. Балаларымызға бұл қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» барлық белсенділерін еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығын тың табыстармен және жасампаз өзгерістермен қарсы алуға шақырды.

«Ең алдымен «шағын істер» - әрбір қала мен ауылды, жолдарды, мәдениет нысандарын абаттандыру жайын есте ұстау керек. Әрбір елді мекен жұмыс пен демалыс үшін таза, жайлы бола түсуі тиіс. 25 жылдық мереке дегеніміз осы. Барлық қала мен елді мекендерде аумақты тазарту мен көгалдандыру, балалар үйлеріне, егде адамдарға, мұқтаж жандарға көмектесу  жұмыстары жүргізілуі керек», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұдан бес жыл бұрын, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы белесінде «Ауылды көркейту - Қазақстанды көркейту» жобасы іске асырылғанын еске салды және биыл да бүкіл елде дәл сондай патриоттық акция өткізуге шақырды.

«Еліміздің халқының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінде біздің бүкіл табысымыздың қозғаушы күшіне айналатын елдің  аграрлық секторын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Мұны «Нұр Отанға» және партияның әрбір мүшесіне менің тікелей тапсырмам деп санаңыздар», -  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Наурыз мейрамы қарсаңында Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтетініне, биліктің бүкіл өкілді тармағы қайта сайланатынына назар аударды.

«Мен барша қазақстандықтарға алдағы сайлау біздің жаңаруымыздың, алда тұрған барлық міндеттеріміздің орындалуының жаңа кезеңінің басы болуына тілектестігімді білдіргім келеді», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әл-ауқаты, қоғамдық келісім, тұрақтылық пен бірлік - Отанымыздың бақытты болашағының кепілі екенін айтты.

«Ұлы Дала елінің перзенттері мәдениеттер алуандылығын, түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерінің құндылықтарын ана сүтімен бірге бойға сіңірген. Тарих және бабалар бізді осыған үйретті. Этникалық алуандылық біздің елдің әлсіз тұсы емес, оның байлығы», - деді Қазақстан Президенті.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қолдауымен «Аймақтық экономиканы әртараптандыру: келешегі мен міндеттері» тақырыбында аймақтық сарапшылар форумы өтті.

Аталмыш шараға отандық белгілі сарапшылар, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Сарапшылар ҚР Президенті ұсынған реформалардың жүзеге асырылуының негізгі бағыттарын қарастырды. Соның ішінде, аймақтық экономиканы әртараптандыру мәселелері, «Нұрлы жол» бағдарламасының мақсаты мен міндеттері талқыланды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар қарастырылып, оның өңірдің дамуына оң әсерін тілге тиек етті.

Талқылауға қатысушылардың пікірінше, Елбасы ұсынған институттық реформалар мемлекетті дамытуда жаңа мүмкіншіліктер мен бағыттарға ие, сол себепті ұсынған стратегиялық мақсаттардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету керек.

Форум жұмысының соңында сарапшылар белгіленген стратегиялық бастамаларды орындау елдің мемлекеттілігін нығайтуға және дамудың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беретіні жөнінде ортақ пікірге келді.

Ақмола облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 52 жобаның тізбегі жасалды. Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Сергей Кулагиннің қатысуымен өткен мәжілісте айтылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Д.Әділбеков Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту аясында қолға алынған шаралар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, облыс бойынша жалпы құны 24,5 миллиард теңгені құрайтын 52 жобаның тізбегі жасалған. Оның ішіндегі 35-і инвестициялық шығын өтемақысын қажет етпейтін жобалар.

«Целиноград ауданы Ақмол аулында 1 жобаның тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі кезде аталған жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 20,8 миллион теңге қарастырылып отыр», деді Д.Әділбеков.

Оған қоса, Еуропалық қайта құру және даму банкімен серіктестік шеңберінде Көкшетау қаласында коммуналдық сала бойынша 3 жоба ұсынылып отыр. Оның ішінде қаланы сумен жабдықтау пилоттық жоба ретінде қарастырылмақ. Осындай жобалар Степногор және Атбасар қалалары мен Ерейментау және Аршалы кенттерінде қолға алынуы мүмкін.

Еске сала кетейік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік - бұл мемлекеттік және жекеменшік сектордағы инфроструктуралық қызметтер мен қоғамдық қызметтер көрсету жобаларын іске асыру мақсатындағы ынтымақтастық (білім, денсаулық, ТКШ, энергетика және көлік).

Осы аптада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Павлодарда өткен еңбек ұжымдарының республикалық форумына қатысты.

Іс-шараға Қазақстанның 10 облысының 50 еңбек ұжымынан 4 мыңнан аса адам қатысты. Елбасы өз сөзінде жұмысшы мамандығын иеленген адамдардың елді дамытудағы елеулі рөлін атап өтті.

«Бүгін мұнда еліміздің және облыстардың ең үздік еңбек ұжымдарының өкілдері жиналды. Бұлар - шахтерлар, металлургтер, машинистер, теміржолшылар, мұнайшылар, жұмысшы мамандығының барлық өкілдері. Сіздердің еңбектеріңіз арқылы металлургиялық балқыту пешінде, кен орындары мен шахталарда, зауыттарда, автокөлік жолдары мен теміржолдарда отандық экономика дамып жатыр. Мен жұмысшы мамандығының қандай екенін жақсы білемін. Біз Қазақстанда жалпыға ортақ еңбек қоғамын жарияладық, «Еңбек даңқы» арнаулы орденін тағайындадық. Оның алғашқы лауреаттары осы залда отыр. Ең мықты валюта - адам еңбегі, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы қиын жағдайға қарамастан, Қазақстан экономика өсімінің қарқынын сақтап, ел азаматтарына әлеуметтік кепілдіктер ұсынып отырғанына назар аударды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы кәсіпорындар мен өндірістерде жұмыс орындарын сақтаудың маңыздылығын да айрықша атап өтті.

«Сондықтан барлық өңірде әкімдіктер мен жетекші кәсіпорындар арасында жұмыс орындарын сақтау, жұмыс берушілердің жергілікті қайта оқыту бағдарламаларына қатысуы туралы меморандумдарға қол қойылды. Осындай күрделі жаһандық дағдарыс ахуалында біздің мемлекет жоғары әлеуметтік жауапкершіліктің, еңбек адамына деген қамқорлықтың үлгісін көрсетіп отыр. 1 қаңтардан бастап біздер әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын, студенттердің стипендиясын, әлеуметтік төлемдерді көбейттік. Бүгінде бірде-бір ел бұлай істеп отырған жоқ. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында әлеуметтік кепілдік шаралары ұсынылды, жаңа еңбек кодексі қабылданды, кәсіподақтар рөлі күшейтілді. Келер жылдан бастап баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру жөніндегі жаңа жоба іске қосылады. Соның арқасында миллиондаған қарапайым Қазақстан азаматы өмірге еңбек жолдамасын алады. Бұл - мемлекет тарапынан жастарға жасалған зор қолдау. Қарапайым адамдардың күнделікті қажеттіліктері, жаңа жұмыс орындары, лайықты еңбекақы, құқық тәртібі мен елдегі тұрақтылық - біздің дағдарысқа қарсы саясатымыздың басты назарында», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы алда келе жатқан Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу мәселесіне назар аударып, барлық отандастарға тұтастық пен бірлік үшін ризашылық білдірді.

Жұмыс орындарын ынталандыруға қомақты қаржы бөлінбек

Дүниежүзілік банк пен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ресми түрде Қазақстандағы жұмыспен қамту нәтижелерін жақсартуды қарастыратын «Еңбек машықтарын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасын бастады. Министрліктің мәліметіне қарағанда, аталған жоба 2014 жылғы ҚР Үкіметі мен Дүниежүзілік банк тобының Серіктестік туралы негіздемелік келісімін жүзеге асыру аясында іске асырылатын болады.

Көрсетілген келісімге сәйкес, бірқатар жобаларды халықаралық қаржылық ұйымдармен бірге іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі (100 млн. АҚШ доллары) мен республикалық бюджеттің ортақ қаржыландыруы (37 млн. АҚШ доллары) есебінен жүзеге асыру жоспарланып отырған «Еңбек машықтарын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы да бар.

Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім («Еңбек машықтарын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру»жобасы) 2016 жылғы 5 ақпанда ҚР Заңымен ратификацияланды.

«Аталған жоба білімге негізделген Қазақстанның экономикаға қатысты өзгерген қадамдарын көрсетеді. Осы орайда мемлекет адами капитал мен қазақстандықтардың біліктілігі ел экономикасының өсімі мен бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі драйвері болуы қажет екеніне мән беріп отыр», - деп тоқталды Дүниежүзілік банктің Білім беру департаментінің бас директоры Клаудия Костин.

Жоба мақсатына тоқталатын болсақ, онда ұлттық біліктілік жүйесін дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру, жоғарғы білім беру бағдарламалары мен оқыту өзектілігін арттыру; мақсаттық бенефициардың еңбек машығы мен жұмыспен қамтылуы саласындағы көрсеткіштерін жақсарту, еңбек нарығында талап етілетін біліктілігі бар жоғары білікті мамандарды дайындау бағыттары қамтылған.

Жобаны жүзеге асырудан экономикалық дамудың перспективалы міндеттеріне жауап беретін, жоғарғы технологиялы өндіріс ерекшеліктеріне сай заманауи біліктілік жүйесін құру, сонымен бірге, нарықтағы сұраныс пен ұсыныс сәйкессіздігін төмендететін еңбек нарығындағы ұсыныстарды қазіргі таңдағы сұранысқа сай дамыту нәтижесі алынбақ. Жобаны 2020 жылғы 30 маусымда аяқтау жоспарланып отыр.

Аталған бағдарлама аясында 550 кәсіби стандарттарды әзірлеп, бекіту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде ұлттық біліктілік негізінің барлық сегіз деңгейін қамтымақ. Сонымен қатар біліктіліктің ұлттық жүйесі саласында нормативтік құқықтық база мен әдіснама қайта қаралады, кәсіби стандарттарды қолдау мен жаңарту үшін автоматтандырылған ұлттық база құрылады және арнайы оқыту арқылы ұлттық сарапшылардың банкі қалыптастырылады.

«Мұнымен қоса, жоба аясында мамандықтардың бірыңғай ұлттық топтастырушысы әзірленіп, бекітілмек. Ол өз кезегінде 8 мыңнан астам мамандықты, жұмысшылар мен қызметкерлер лауазымдарын біріктіреді», -деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

Б. Нұрымбетовтің айтуынша, кәсіби стандарттар негізінде 173 білім беру бағдарламалары даярланып, бекітіледі. Сондай-ақ мұнай мен газ, тау-кен, металлургия, туризм, машина жасау мен құрылыс салалары үшін тестілеу және сертификацияның арнайы бес орталығы құрылады деп күтілуде.

Өтіп бара жатқан бұл аптада ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. Сапар барысында Панфилов ауданындағы бірқатар нысандарды «ҚТЖ» АҚ президенті Асқар Мамин, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және басқа да жауапты тұлғалар бірге аралады. Ресми делегацияның алғашқы тоқтаған нысаны «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы, оның қазақстандық және қытайлық бөлігі, «Қорғас» еркін экономикалық аймағының бақылау - өткізу пункті мен нысандардың инфрақұрылымы болды.

«Қорғас» ХШЫО-ның толыққанды іске қосылуы 2018 жылға межеленіп отырғанын атап өту керек. Бүгінгі күні жоспарланған 91 инфрақұрылым нысандарының 73-інің құрылысы аяқталған, оның 41-і іске қосылды. 2015 жылы тартылған жеке инвестиция көлемі 0,94 млрд. теңгеге жуықтады. Мұнан соң «Жаркент» БӨП таныстырылып, Үкімет басшысының бірінші орынбасары пунктті аралап көрді.

Бұдан кейін делегация «Қорғас - Шығыс қақпасы» ЕЭА Құрғақ порт аумағына атбасын бұрды. Мұнда бүгінгі күні Құрғақ порттың екінші кезегі нысандарының құрылыс жұмыстары 80 % аяқталған. Бұған дейін 2014 жылдың соңында Құрғақ порттың бірінші кезеңі қолданысқа берілген болатын. Бірінші кезегінің іске қосылуы барысында 300-ге тарта жұмыс орны құрылды. Өткен жылы Құрғақ порттың операторы «KTZE - Khorgos Gateway» ЖШС 19 мыңнан астам контейнерді өңдеді, биылғы жылы оның санын 200 мыңға жеткізу көзделген, ал 2020 жылға қарай 500 мың контейнерлік жобалық қуаттылыққа шығу міндеті тұр. Сонымен қатар қалған құрылыс нысандарын биылғы жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарланған.

Осы аптаның ортасында KazMeatAstana-2016 атты халықаралық форумы өтіп, оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қатысты.

«Ішкі тұтынуға арналған еттің бағасы қымбаттамайды, алайда мал шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту есебінен делдалдар маржасы төмендейді», - деді ол форумнан соң тілшілерге берген сұхбатында.

Оған қоса, ауыл шаруашылығы министрі қазақстандық ет бағасы ішкі нарықта шетелдік нарықтарға қарағанда, атап айтқанда Израиль мен Қытайға қарағанда үш есе арзан екенін айтып өтті.

«ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның ет бойынша зор әлеуетін айтып өтті. Біздің елімізде осы бағытта басымдықтар бар, әсіресе жалпы аумағы 180 млн. гектардан асатын жайылым жерлердің болуы бізге үлкен жол аша алады», - деп баса айтты министр.

Сонымен қатар форум барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева еліміздің ет экспорты әлеуеті жайында баяндады.

«Отандық өндірушілер алғаш рет жақын көршілерге ет тасымалдай бастады. Былтыр қазақстандық кәсіпкерлер 16 мың тонна ет пен ет өнімдерін Ресейге жөнелтті. Бірақ ол аз, мәселен, Ресей мен Қытай өзге елдерден 1 миллион тонна етті шетелден сатып алады. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік, осы нарықты біздің ет өндірушілер басуы керек», - деп атап өтті ол.

Оның сөзі бойынша, қазіргі уақытта Қытай азық-түлік қауіпсіздігінің жаңа стандарттарын енгізуде. Осыған байланысты, Қытайда органикалық азық-түлікке деген сұраныс еселеп артпақ.

«Қазақстанда мал жайылымы табиғи тұрғыда іске асады. Мал басы да жетерлік деңгейде көбейтілуде, инфрақұрылымдар дамытылуда», - дейді вице-министр.

Белгілі болғандай, Қазақстанда ауыл шаруашылығына жарамды жердің 60 пайызы пайдаға асып жатпаған көрінеді. «Бүгінгі таңда Қазақстанда 222 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері бар, олардың ішінде тек 91 миллион гектары ғана, яғни 40 пайызы пайдаға асырылып жатыр», - деп атап өтті Г. Исаева.

Демек, ауыл шаруашылығына жарайтын 60 пайыз жердің әлеуеті ел экономикасына қолданылмай тұр.

«222 млн гектар жердің 187 миллионы мал жайылымы. Өздеріңіз көріп отырғандай, елде мал шаруашылығының әлеуеті өте жоғары», - дейді вице-министр.

Айта кетейік, Астанадағы «КazMeatAstana-2016» халықаралық форумына 14 елден 300-ге тарта қатысушы келген. Олардың ішінде Қытай, Канада, Италия, Жаңа Зеландия, Түркия елдерінің өкілдері бар.

Айта кетейік, Астанадағы «КazMeatAstana-2016» халықаралық форумына 14 елден 300-ге тарта қатысушы келген. Олардың ішінде Қытай, Канада, Италия, Жаңа Зеландия, Түркия елдерінің өкілдері бар.

  Қазақстанда импорт орнын басуы тиіс 150 тауар түрі анықталды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Атамекен» ҰКП-ның басқарушы директоры Евгений Больгерт мәлім етті.

«Біз экономика үшін барынша маңызды салаларды айқындадық. Олардың саны - 10. Бұл металлургия, машина жасау, химия мен мұнай химиясы, құрлыс материалдарын өндіру, қаптамалар шығару, тамақ өнеркәсібі», - деді ол.

Оның айтуына қарағанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ірі ұлттық компаниялардың, жер қойнауын пайдаланушылардың және мемлекеттік органдардың сатып алуларына талдама жүргізген. 

«Аталған талдаманың нәтижесіне сәйкес, біз импорт көлемі таңдап алынған шекті көрсеткіштен жоғары 150 тауар түрін іріктеп алдық. Аталған 150 тауар түрі сатып алудың жиынтық көлемі 150 млрд. теңгеден асып жығылады. Меніңше, шағын және орта бизнес үшін бұл көрсеткіш өнімдерін сату тұрғысында өте тартымды», - деді Е.Больгерт.

Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарында сот жүйесіне қатысты көзделген реформаларды нәтижелі іске асыру білікті судьялар корпусына тікелей байланысты. Осы ретте Ұлт Жоспарының 18-қадамын іске асыру шеңберінде Мемлекет басшысының 2016 жылғы 18 ақпандағы Жарлығымен Жоғарғы Соттың жанында Сот төрелігі академиясы құрылды.

Елдегі сот төрелігі жүйесінің дамуы қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және өзге де салаларды жаңғыртудағы басымдыққа ие факторлардың бірі болып табылады. Себебі, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, қоғам мен мемлекеттің мүддесін мүлтіксіз қорғау, азаматтардың құқықтар мен бостандықтарының тиімді қорғалуын жүзеге асыру сот органдарының негізгі міндеті болып табылады. Дәл осы міндет, өз кезегінде, судьялардан жоғары білім мен өмірлік тәжірибе, ар-ождан ұстанымы мен заңды дұрыс қолдану дағдыларын талап етеді.

Жоғары білікті судьялар корпусын қалыптастыру үшін сот жүйесінің кадрларын даярлау бағытындағы талаптардың артуы елімізде жүргізіліп жатқан институционалдық реформалардан туындап отыр.

Қазіргі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес болашақ судьяларды даярлау мен оқытудың баламалы екі жолымен жүзеге асырылып келеді: біріншісі - мамандандырылған магистратура, екіншісі - біліктілік емтиханын тапсыра отырып, соттарда тағылымдамадан өту. Осы ретте мамандандырылған магистратурада біліктілік емтиханын тапсырған тұлғалар тағылымдамадан өтуден босатылатындығын атап өткен жөн.

2004 жылдан бастап мамандандырылған магистратурадағы оқыту процесін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институты жүзеге асырып келді. Осы кезең ішінде аталған магистратураны 585 адам бітіріп шықты. 2006 жылдан бастап 290 магистр судья болып тағайындалған. Қазіргі таңда жергілікті соттарда магистратураның 254 түлегі судья болып қызмет атқарса, оның 7-еуі - аудандық және мамандандырылған соттардың төрағасы, 4-еуі - облыстық соттың судьясы болып жұмыс істеуде.

Осы орайда Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік тапсырыс есебінен оқып, құқық магистрі дәрежесін алғандардың жартысынан астамы судья болған жоқ. Сондықтан да жай ғана құқық магистрін емес, болашақ судьяларды мақсатты түрде даярлайтын жоғары оқу орнын құру қажеттігі туып отыр.

Судьялыққа үміткерлерді бейінді оқытумен айналысатын оқу орындары әлемнің көптеген елдерінде, атап айтқанда, Францияда, Түркияда, Италияда, Испанияда, Литвада, Чехияда, Канадада, Жапонияда бар. Осы орайда көптеген елдерде болашақ судьяларды даярлайтын мамандандырылған оқу орындары айрықша мәртебеге ие және жоғары сот органының жанында құрылған.

Ұлт Жоспарына сәйкес сот жүйесінің кадрларын даярлайтын жоғары оқу орнын жоғары сот органының қарамағына беру сот қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, оқу процесін жетілдіруге және оны жоғары сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес айрықша мәртебеге ие Сот төрелігі академиясы судьялық кадрларды даярлауда оқу, ғылым және әдістемелік салалары бойынша негізгі қағидаларды әзірлеп, енгізе алады, мамандарды даярлаудың жаңа бағыттарын айқындайды, оларды оқытудың мерзімдері мен түрлерін белгілейді. Осылайша, Академия оқытудың мазмұны мен оқыту қызметін ұйымдастыруды дербес жүзеге асырады.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жалпы оқыту бағдарламаларын іске асыру, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, оларды қайта даярлау, сондай-ақ ғылыми қызметті жүзеге асыру Сот төрелігі академиясының негізгі бағыттарына жатады. Академия қызметінің әрбір бағытын жекелеген институттар атқаратын болады.

Бұдан былай заң ғылымы, білім беру мен сот практикасы секілді құрамдас бөліктердің өзара байланысы судьялық кадрларды даярлаудың іргетасын құрайтындығын атап өткен жөн.

Судьялар корпусының кәсіби деңгейіне қазіргі заманның қоятын талабы күн өткен сайын артып келеді, соған сәйкес болашақ судьяларды даярлау ең жоғары стандарттарға сәйкес келуі керек.

Жоғарғы Сот болашақ судьяларды даярлаудың әлемдік тәжірибесін зерделеді. Сот төрелігі институтының білікті профессорлық-оқытушылар құрамының сабақтастығын сақтай отырып, әрбір оқытушының жаңа талаптар мен стандарттарға сәйкестігі жағдайында оқыту процесін негізінен француз тәжірибесі бойынша жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл жүйеге сәйкес, болашақ судьялар аудиториядағы теориялық оқумен қатар, соттарда тағылымдамадан өтетін болады.

Академияның профессорлық-оқытушылар құрамын қалыптастыруда білім беру қызметін лицензиялауға қойылатын біліктілік талаптары ескерілді. Теория мен тәжірибенің өзара байланысын күшейту мақсатында Академиядағы сабақтарға жұмыс істеп жүрген судьяларды тарту көзделіп отыр. Мұндай тәсіл өз кезегінде судьялар корпусы үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға кепіл болып табылады.

Академияның оқу бағдарламасы магистранттардың сот төрелігін жүзеге асырудың тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Оқудың екінші жылы ішінде магистратура тыңдаушылары аудандық соттарда практикадан өтетін болады. Олар соттарда процесті жүргізу өнерін, процестік құжаттарды құру дағдысын меңгеретін болады. Академияда оқу кезеңінде магистранттардың шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндігінің қарастырылуы олардың білімін тереңдетуге жасалған мүмкіндік болып табылады.

Сот төрелігі академиясы жұмыс істеп жүрген судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттырумен және қайта даярлаумен айналысатын болады. Академия қызметінің бұл бағыты маңызды болып табылады, себебі оқу процесінің үздіксіз жүргізілуі сот жүйесіндегі білім берудің негізгі қағидаттарының бірі болып табылады.

Сот төрелігі академиясының өзіндік ғылыми зерттеулерді жүргізуі ғылым, оқыту және практика арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз етеді, республикадағы судьялар кадрларын даярлау мен қайта даярлау бағытындағы ғылыми базаның негізін құрайды. Осылайша, отандық жоғары білікті судьялар корпусын даярлаудың іргелі негізі қалыптасты деуге болады.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Сот төрелігі академиясымен бірлесіп, Мемлекет басшысының Жарлығынан туындайтын жұмыстарды жүзеге асыруда: Академия жарғысының жобасы әзірленді, оқу орнының қызметін лицензиялауға қажетті іс-шаралар жүргізілуде, сондай-ақ оқуға қабылдау ережесі әзірленуде.

Магистратура түлектері біліктілік емтиханын тапсырғаннан кейін судья лауазымына арналған конкурсқа қатыса алады. Магистратурадағы оқуды аяқтаған және судьялық лауазымға емтихан тапсырған тұлғалар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес судьяларға қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.

Қорыта айтқанда, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көзделген судьяларды оқыту мен тәжірибе арасындағы өзара байланысты күшейту бағытындағы жұмыстардың жемісті жүргізілуі еліміздегі білікті судьялар корпусын қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы соттың тиімділігін артыра отырып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Алматы әкімдігінде Қытай Халық Республикасы Хубэй провинциясының вице-губернаторы Гань Жункун бастаған делегациямен кездесу өтті. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп, сауда, инновация, мәдениет және білім салаларында екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті үлкен екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, Алматы әкімдігінің басшылығы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас тұрақты сипатқа ие екенін жеткізді. 

Айта кетелік, бүгінгі таңда тек Алматы қаласының өзінде 69 бірлескен және қытайлық капиталдың қатысуымен 170-тен астам астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Осы компаниялардың қызметі арқасында Алматы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2016 жылдың қаңтар айында 100 млн. АҚШ долларына жетті.

Өз кезегінде Гань Жункун мырза Хубэй провинциясының орталығы - Ухань қаласынан Қазақстанға және Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне тауарлық пойыздардың қатынауы екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетіндігін атап өтті.

Бұдан басқа, ынтымақтастық мәселесін талқылай келе, қытайлық делегация жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа ерекше тоқталды.

Мысалы, Қытай Үкіметі 1991 жылы жоғары технологияны дамыту мақсатында бүкіл елде жоғары технологиялар паркін құру туралы шешім қабылдаған. Ал бүгінде Қытайда мұндай парктердің саны - 130-ға жетті. Сондықтан, қытайлық делегация Алматы әкімдігінің басшылығына инновация саласындағы ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды.

Кездесу соңында Алматы әкімдігінің басшылығы қытайлық делегацияны Алматы қаласының 1000 жылдығын мерекелеу шараларына және 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада ойындарын тамашалауға шақырды.

 «Нұрлы жол» Қазақстанды Еуразиядағы ең ірі хаб ретінде қалыптастырады. Бүгін саяси партиялар арасындағы телепікірсайыс барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов айтты.

«Біздің басты міндетіміз - «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру. Бағдарлама еліміздің барлық өңірлерін сапалы деңгейдегі автокөлік жолымен байланыстыратын болады. Ол үшін бүгінгі таңда 7 мың шақырым жол төселуде. Оған қоса 2 мың шақырым теміржол салынады. Ал Каспийден заманауи паром кешені ашылады»,-  деді ол.

А.Мырзахметовтің сөзіне қарағанда, олардың барлығы елдің тауар экспортын 1,5 есеге, яғни 150 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға және көлікпен тасымалдау құнын 2 есеге төмендетуге мүмкіншілік беретін болады.

«Ал Қазақстанды Еуразиядағы ең ірі хаб ретінде қалыптастырады»,-  деді ол.

Сонымен қатар ол Елбасының Қазақстандағы инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бағдарламасын жүзеге асыруға 8 трлн. теңге инвестиция құйылады. Ал бұл жүздеген мың жаңа жұмыс орындарының құрылуына өз септігін тигізеді.

«Бұған қоса бағдарламаның сервисті, құрылыс материалдарын шығаруды және басқа да аралас салаларды дамыту түріндегі  мультипликативтік тиімділігі де бар», - деді А.Мырзахметов. 

***

 

Елбасы Жолдауындағы білім беру мәселесі

 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында білім беру мәселесін ең бірінші орынға қойып отыр. «Қазақстанның жас азаматтары!  Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңда!» деп Елбасы жастарды әрқашанд білім алуға шақырып отырған. «Еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс. Үкіметке әлеуметтік көмектің мұндай түрлерін 2017 жылдан бастап енгізуді тапсырамын. Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба - «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын», - дейді Елбасы өз Жолдауында. Жолдауды жүзеге  асыру барысында жаслаып жатқан басқа да жұмыстармен таныса кетейік.

Қазақстандағы зияткерлік мектептердегі жаңа мазмұнды еліміз бойынша барша мектептептерге енгізу керек. Бүгін Парламенттің VI шақырылымының бірінші сессиясының ашылуына арналған ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Мен Қазақстанда 20 зияткерлік мектептің құрылысы туралы жариялаған болатынмын. Бүгінде елімізде барша жиырма зияткерлік мектеп салынғанын айта аламын. Бұл бағыттағы шаралар мектептегі білімде өте маңызды серпін болып табылады»,-деді Президент.

Осы ретте Мемлекет басшысы аталған мектептерде білім берудің жаңа мазмұны апробациядан өтетінін және бұл бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізілгенен атап өтті.

 «Биыл осы тәжірибені тағы 30 мектептегі бірінші сыныптарға енгізу жоспарланып отыр, алайда бұл жұмыс тым баяу қарқынмен жүріп жатыр. Зияткерлік мектептерде апробациядан сәтті өткен барлық тәжірибе барша еліміз бойынша 3 жылда немесе ары кетсе  4 жылда енгізілуі тиіс. ҚР Білім және ғылым министрлігіне осы жұмысты қамтамасыз етуді тапсырамын»,-деді Н. Назарбаев.

 Ал ҚР Білім және ғылыми министрі Ерлан Сағадиев өзіндік үлгідегі дипломдар беру елдегі жоғары білім беру сапасын арттырудың жүйелі жүйесі болады деп санайды.

«Біз мемлекет атын жамылып кей әлсіз ЖОО-лар дипломды сатып жататынын білеміз. Мемлекеттік үлгідегі дипломдар бірқатар посткеңестік және бірнеше шығыс-еуропалық елдерден басқа, әлемде еш жерде жоқ. Бұл халықаралық тәжірибе, ЭЫДҰ елдерінде мемлекеттік үлгідегі диплом жоқ, олар өз бірегей дипломдарын табыс етеді. Егер дипломда мемлекеттік мөр болмаса, талапкерлер мен ата-аналар сол университетті таңдау керек пе, жоқ па деген ойға қалуы мүмкін. Олар басқа оқу орнын іздей бастауы мүмкін. Бәсекелестік күшейеді. Сол кезде лайықты оқу орындары ғана қалады. Бұл мәселе мемлекеттік және жеке ЖОО басшыларымен бірнеше рет келісілген. Бұл - оңтайлы шара, алайда бірден енгізуге болмайды. ЖОО-ларға жаңа жағдайларға бейімделуге уақыт береміз. Бұл 2021 жылы енгізіледі. Ал жаңа үлгідегі дипломдарды 2017 жылғы талапкерлер алатын болады», - деді Е. Сағадиев.

Бұдан бөлек,  министр 2016 жылы мектеп бітіруші түлектерге ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға мүмкіндік берілетінін мәлім етті.

«Сенат депутаттарының бастамасы бойынша биылғы жылдан бастап мектеп бітіруші түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеуді екінші рет тапсыру мүмкіндігі беріледі. Сенаттың бұл бастамасына Үкімет те, Білім және ғылым министрлігі де, жалпы қоғам да қолдау білдірген болатын», - деді Ерлан Сағадиев.

Министрлік ұсынған мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда жыл сайын ҰБТ тапсырмайтын мектеп бітірушілер саны артып отыр. 2015 жылы бұл көрсеткіш шамамен 46 мың адамға жуықтаған.

Сонымен бір мезгілде Ресей мен Қытайға оқуға баратын студенттер қатары да жыл санап артып отыр. Мәселен, 2015 жылы Ресейде 39 мыңға тарта қазақстандық оқыған.

«Мектеп бітірушілер ҰБТ бір немесе бірнеше балл ала алмай қалып, шетелдік оқу орындарына ақылы негізге кетіп жатыр. Осылайша олар басқа елдердің білім мекемелеріне инвестиция құюда», - деді Е. Сағадиев.

Жалпы ведомство басшысының айтуынша, ҰБТ тапсыру тетігінде өзгерістер күтілмейді. ҰБТ қайта тапсыру ақылы негізде шекті межеден аса алмағандар үшін беріледі. 

***

 

«Мәңгілі Ел» пойызы Елбасы Жолдауын түсіндіруде

  «Мәңгілік Ел» идеясын алғаш рет мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы» жолдауында атап өтті. Осы Мәңгілік Ел идеясын, Елбасының  әр жылдары халыққа жолдаған Жолдауын насихаттау мақсатында «Мәңгілік Ел» арнайы пойызы ел-жерлерді  аралады. Аталған акцияның басты мақсаты - Қазақстан халқының бірлігін нығайту, ел бірлігін жастар қауымына насихаттау. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы тұғырнамасы - Елбасының салиқалы саясатын ту етіп алға қарай нық аяқ басу.

Қазақстан Тәуелсіздігі 25 жылдығының құрметіне ел аймақтарында «Мәңгілік Ел» арнайы пойызы жүріп жатыр.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 15 наурызда пойыз Сарысу ауданының Жаңатас қаласына келіп жетті.

Делегацияның құрамында 56 адам бар, олардың арасында Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, ҚР Қаржы министрлігінің өкілдері, сондай-ақ медициналық қызметкерлер бар. Олар аудандық Мәдениет үйінде, «Нұр Отан» партиясының филиалында, Балалар-жасөспірімдер орталығы, аудандық емхана, мұражай, «Қазфосфат» ЖШС-нің кәсіпорындарында болды.

Аудан тұрғындарымен кездесу шараларының бағдарламасына Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі бағыттарды, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын түсіндіру кірді. Сондай-ақ мәдени-көпшілік шаралар, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау, әділет және банк қызметкерлерінің кеңестері өткізілуде.

«Мәңгілік Ел» арнайы пойызының келуіне байланысты Сарысу ауданында штаб құрылды. «Жаңатас» теміржол стансасына өрт сөндіру тобы жіберіліп, бұл шараға қатыстырылған ұйымдардың нысандарында эвакуциялық жолдардың жағдайына, өрт сөндіруге арналған бастапқы құралдардың болуына ерекше көңіл бөлініп, жұмылдырылған нысандардың аумағында инженерлік-инспекторлық құрамның кезекшілігі ұйымдастырылған», - деп баяндады Сарысу аудандың ТЖБ-нің өкілі, азаматтық қорғаныс капитаны Алмас Дауылбаев.

16 наурыз күні таңертең «Мәңгілік Ел» Таразға келіп жетеді. 

Елордадан шығып, Қара­ғанды, Шығыс Қазақстан, Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарын аралап келе жатқан «Мәңгілік Ел» әлеу­меттік пойызы Қостанайға 14 күнде жетті. Қостанайлықтар қуа­нышын паш еткендей, әлеу­меттік пойызды теміржол вок­залында сырнайлатып-кер­нейлетіп қарсы алды, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан».

Қазақтың барлық жері киелі. Халқымызға Шақшақ Жәнібектен бастаған даналар мен батырларды, Ыбырайдай, Шоқандай ұлыларды, Ахмет пен Міржақып, Елдос, Мұхаметжан, тағы басқа да Алаш арыстарын, ірі ғалымдарды, Тәтіқарадан бері үзілмей келе жатқан ақындар легін берген Қостанай өңірінің топырағы аса құнарлы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын, Қазақстанды әлемдегі мойны озық 30 елдің қатарына қосуға бағыттап дамытудың бес институттық реформасын, Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың «100 нақты қадамын» халыққа түсіндіру, насихаттау мақсатында Қостанайға табан тіреген «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы мен қостанайлықтарды елге, жерге деген патриоттық сезім қауыштырғандай болды.

Кібісе жылы түрлі-түрлі мінез танытып, енді соңғы өліара күндері «не боларын білмей» құбылып тұрған қыс маусымының шыныдай шытынаған, бірақ қаһары қайтып қалған зілсіз аязын қонақтар да, қостанайлықтар да елейтін емес. Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы құрамын Тобыл өңіріне келуімен құттықтады.

- Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын аса зор мерекемен қарсы алады. Мерекелі жылы құрамында экономиканы, халықтың әлеуметтік тұр­мысын жақсарту мәселелері бойынша кеңес беретін түрлі мамандар бар «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының келуіне қос­танайлықтар аса қуанышты. Бұл еліміздегі жұмылған жұды­рықтай бірлікті білдіреді, - деді Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов. Мұнан кейін сөз алған Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Подоляков еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясындағы «Мәңгілік Ел» пойызының осылай игілікті іспен келгеніне ризашылығын білдірді.

- Мен бүгінгі ұрпаққа Тә­уелсіздік аталарыңның, аға ұр­пақтың ауыр тағдыры арқылы келген құндылық екенін айтқым келеді. Бүгін керемет істер қолға алынып жатыр, соған атса­лы­сыңдар, - деді 90 жастағы майдангер Михаил Иванович.

«Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы Қостанайға келгенге дейін аялдаған елді мекендерде 18700 адамды қабылдап, тыңдады, олар­ға түрлі салада кеңестер берді. Оның 9 мыңнан астамы тек дәрігерлерден кеңестер алған, қаралған адамдар еді. Қостанайда өздерін күтіп алған соң, арада бір сағат өтпей-ақ мамандар іске кірісіп кетті. №1 қалалық емханада пойызбен келген 25 дәрігер науқастарды қабылдады.

- «Мәңгілік Ел» пойызы келеді, бізге ондағы дәрігерлерден кеңес алуға болады дегенде қуанышымда шек болған жоқ. Өйткені, балам­ның ауырғанына бір айдан ас­ты. Осындағы дәрігерлер де алаңдаулы еді. Ал бізге Астанаға, тағы басқа ірі орталықтарға баланы апаруға қанша уақыт, қаражат керек қой. Енді, міне, өзім армандайтындай мүмкіндікке ие болдым. Қазір дәрігерге кіреміз, - деп ағынан жарылды баласын гематолог дәрігерге көрсетуге әкеліп отырған Нина Зейналова.

Пойыздың штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов мұнда жоғары санатты дәрігерлер, Ал­маты, Астана қалаларындағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері келгенін хабардар етті. Шалғай ауылдардағы, аудандардағы адам­дар­дың мұндай мүмкіндікке қолы жете бермейді. Сонымен қа­тар, ми­нистрліктердің, түрлі ве­домстволардың мамандары облыс орталығында әлеуметтік, мемлекеттік қызмет ұсыну мәсе­лелері бойынша кеңестер берді. Кәсіпкерлермен «Дөңгелек үс­тел» мәжілісін құрды, оларды тыңдады. Қостанай поли­тех­никалық колледжінде студенттермен индустриялық-ин­новациялық экономика бағытында білікті кадрлар дамыту тұрғысында әңгі­мелесті. Елдің тыныштығы, ұлтаралық татулық-біздің елдің басты артықшылығы және басты бағыты. Сондықтан пойыздың сапарында да «Этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі» тақырыбында дәріс оқылды. Білім саласындағы озық мұғалімдермен кездесулер өтті.

- Біздің пойыздың мақсаты Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың «100 нақты қадамында» айтылған мәселелер бойынша нақты кеңес­тер беру, түсіндіру болып табылады. Оны көңілдегідей орындап келеміз. Мысалы, басқа ма­­мандарды былай қойғанда, тек медициналық мамандардан Қостанайда 280-нен аса адам дәрігерлік кеңес алды. Бұ­рын алдын ала есепте тұрған науқастардан басқа, пойызды естіп келгендерді де мамандар кейін қайтарған жоқ. Басқа салалар бойынша да нақты жұмыстар жүргізілді. Тәуелсіздік тұғырын нықтау үшін «100 нақты қадамда» айтылған мәселелер бойынша нақты жұмыстар жүргізуге болатынын дәлелдегендейміз. Елдің көңіл-күйі жақсы, бірлігі мығым екенін де көзбен көріп келе жатырмыз, - деді пойыздың штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов.

Кешке жергілікті өнерпаздар күшімен Тәуелсіздікке арналған концерт берілді. Ал кеше «Мәң­гілік Ел» пойызы Тобыл стансасына тоқтады. Онда да Тобыл стансасының, онымен іргелес жатқан Таран ауданы мен Лисаков қаласы тұрғындары көңілдегі көп сауалдарға әлеуметтік пойызбен келген мамандардан кеңестер алды. Онда да пойыз Тәуелсіздік рухын асқақтата түскендей болды.

760-тан астам қазақстандық еңбек және зейнетақы заңнамалары бойынша ҚР ДСӘДМ мамандарының кеңесін алды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» пойызы» республикалық акциясының аясында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары 761 азаматқа кеңес берді, оның ішінде 452 адамға әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері (зейнетақыны есептеу, жұмыспен қамту, мүгедектік тобын анықтау, қосымша әлеуметтік көмек көрсету, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша несиелеу, «Өрлеу» бағдарламасына қатысу, мүгедектерді оңалту және т.б.) бойынша түсіндіру шаралары жүргізілді», - делінген хабарламада. 

 309 азамат еңбек заңнамасы (жеке еңбек келісімшартын, ұжымдық келісімшартты жасау және оны тоқтату, сонымен бірге, азаматтық қызметшілер еңбекақысының өсуі, еңбекақыны төлемеу және т.б.) туралы кеңес алды.

15 ақпан мен 15 наурыз аралығында «Мәңгілік Ел» пойызы еліміздің 12 өңіріндегі 30 елді мекенге барды. 16 ақпан «Мәңгілік Ел» пойызы Жамбыл облысындағы Тараз қаласына келді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» пойызы» жалпы республикалық акциясы 15 ақпанда басталып, ағымдағы жылдың 18 наурызында Алматы қаласында аяқталады. Акция мақсаттарының бірі - халыққа құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету болып табылады.

 

***

ҚазАқпарат Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауының толық мәтінін ұсынады.

НҰРЛЫ ЖОЛ - БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ  

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда. 

Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалын тап келеді. Нәтижесінде не болып жатқанын біз көріп отырмыз: әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және, тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда.

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз.

Бүгін менің тапсырмам бойынша Үкімет белсенді жұмысқа кірісіп кетті. Біз 2015 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін қайта қарадық. Бұл дұрыс, өйткені, біздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет алдына оңай емес, алайда, нақты міндет - барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.

Дағдарыс жағдайларында, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, экономикалық саясатты қайта бағдарлаулар жүріп жатыр. Қолдауды экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуда аса үлкен мультипликативті тиімділік беретін салалар алуы тиіс. Мұндай тәжірибе бізде бұған дейін болған. Біздің 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы табысты шараларымызды еске алсақ та жеткілікті. Көріп отырғандарыңыздай, өмір біздің жоспарларымызға түзетулер енгізуде. Және біз партияның тұғырнамасын бүгінгі күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрциклды сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Бұл нені білдіреді?

Сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлылығымен ерекшеленіп, мұнай мен біздің экспорттық өнімдерімізге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары біз шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдік. Ұлттық қордың негізгі міндеттерінің бірі біздің экономикамыздың сыртқы естен тандырулар алдындағы орнықтылығын, оның ішінде, табиғи ресурстарға баға төмендеген жағдайда да, жоғарылату болып табылады.

Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады. Бұл ресурстар қысқа мерзімдік шараларға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айтқанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады.

Ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын мына мақсаттарға бағыттауды тапсырамын.

Бірінші. Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажет. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Екінші. Банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы Проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Үшінші. Жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту қажет. Осы мақсатта 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы  технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын.

Төртінші. Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.   

Бесінші. ЭКСПО-2017 қарсаңында бізге Астананың көліктік инфрақұрылымын дамыту туралы ойластыру қажет. Астана аэропорты осы жылдың өзінде-ақ өзінің максималды өткізу қабілеті - 3,5 миллион адамға жетеді. Сондықтан оның әлеуетін ұлғайту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Құрметті қазақстандықтар!

Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады. Ол 5 жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шетелдік компаниялар ниет білдіріп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екінші бесжылдығына сәйкес келеді. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгені құрайды, мемлекеттің үлесі - 15 пайыз.

***

Қазақстан - ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен.

Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол - шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету - бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ.

       ***  

Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистаралды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен  шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай - Батыс Еуропа; Астана - Алматы; Астана - Өскемен; Астана - Ақтөбе - Атырау; Алматы - Өскемен; Қарағанды - Жезқазған - Қызылорда; Атырау - Астрахань.

Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткел және Боржақты - Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады. Үкіметке Қытайдың, Иранның, Ресей мен ЕО елдерінің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын.

Екінші. Индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады.

Осыған байланысты, біріншіден, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау керек. Үкіметке және әкімдерге оларды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шаралар алу қажет. Екіншіден, өңірлерде ШОБ өндірісін дамыту мен қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн. Туризм үшін инфрақұрылым - жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі.

Үшінші. Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Өткен 5 жылда энергетикада индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистралдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. «Екібастұз - Семей - Өскемен» және «Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.

Төртінші. ТКШ мен су- және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту. Инвестицияларға жалпы қажеттілік қаржыландырудың барлық көздерінен 2020 жылға дейін жыл сайын ең азы 200 миллиард теңге бөлгенде кем дегенде 2 триллион теңгені құрайды.

Бүгін ТКШ-ны жаңғыртуға инвестициялар салуға Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ, жеке инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр. Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу- және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 миллиард теңге бағыттау ұтымды болмақ.   

Бесінші. Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту. Агломерациялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз.

Алтыншы. Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл - апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл - біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі - басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс.

Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын.

Жетінші. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет.  

Құрметті қазақстандықтар!

Әлемдік экономикадағы жағдай мынадай, дағдарысты жағдайларда алға қойған мақсаттарға қосымша қаржы ресурстарынсыз қол жеткізу айтарлықтай күрделі.

Кезінде Ұлттық қордың не үшін құрылғанын қаперлеріңізге салғым келеді. Оның басты міндеті - тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс.

Мен Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкіметке бір апта мерзімде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшін тиісті шешім дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажетті қаржыларды ескеруді тапсырамын. Сондай-ақ, Үкімет қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі керек.

Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс.

Ұлттық қор инвестициялары экономиканың тиісті салаларында міндетті құрылымдық реформалар жүргізумен қоса-қабат жүруі тиіс. Ол үшін жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Мәселен, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЕҚДБ және ИДБ қазірдің өзінде 90 басымдықты жобаға 9 миллиард доллар шамасында бөлуге дайын. Қаржыларды бөлу инвестициялық белсенділікті қолдауға, халықтың табыстары деңгейі төмендеуінің алдын алуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада экономиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі.

Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса береді. Бұл туралы алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында нақты әңгіме қозғайтын боламыз. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат - әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз.

Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Әр министр не істеу керек екенін біледі. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар - бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет.

«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат біздің экономикамыздың таяу жылдардағы өсімінің драйвері болады. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылады. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді. «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді. Жолдар - Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты.

Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал ең бастысы - осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады.

Құрметті қазақстандықтар!

Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар - Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім - ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады - біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды.

Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік - ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік - ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық - күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар - біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!

Алдағы жылы біз Конституцияны қабылдаудың және Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтеміз. Осы даталарды атап өте отырып, бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. Қазақстан, тек алға атты біздің басты қағидатымыз тарихтың жаңа жауапкершілікті орамында жаңаша үн мен неғұрлым терең мағынаға ие болатынына менің сенімім мол. Баршаларыңызға біздің Отанымызды бұрынғыдан да зор биікке көтеретін жаңа шыңдарға қол жеткізуде табыстар тілеймін!

Қадірлі халқым!

Біз Жалпыұлттық идеямыз - Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел - елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі - Мәңгілік Ел! Ол - барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы.

Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю - бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні - осы!

«Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты - Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін - Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі - бірлік, берекесі.

Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз - Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз.

2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда.

Ел бірлігі - біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын және халықаралық ЭКСПO-2017 көрмесін табысты өткізіп, еліміздің әлеуетін әлемге паш етеміз. Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын! Баршаңызға «Нұрлы Жол» Жолдауын жүзеге асыруда табыс тілеймін!

 

***

Қорыта айтқанда, Елбасының   дәстүрлі Жолдауы еліміздің болашақтағы даму жоспарына арналды. Бүгінде еліміздің әлем мойындайтындай жетістіктері көп.  Мақсатымыз - әлемдік дағдарыстың әрбір сәтіне ерекше дайындығымызды пысықтап, ел экономикасын дамыту мен халықтың тұрмысын жақсартып, табысы жоғары ел қатарына қосылу үшін аянбай еңбек ету. Жолдаудың да негізгі мәні осы.