Шотландияда туристер селфи жасау үшін 500 жылдық тарихы бар қамалдың қабырғасын бұзған
АСТАНА. KAZINFORM — Шотландияда туристер 500 жыл бойы тұрған Ардврек қамалының қабырғасын зақымдады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Оқиға туралы аймақтың тарихи мұрасын сақтауға арналған Historic Assynt қоғамдық ұйымы хабарлады. Ұйымның мәліметінше, туристер қамал қирандыларына жол ашу үшін қабырғаның бір бөлігін бұзып тастаған.
Оқиға болған күні қамалдың жанындағы көлдегі су көтеріліп, туристер әдетте қирандыларға жақындау үшін пайдаланатын жағажай бөлігін жауып тастады. Саяхатшылар әсерлі фотосуреттер түсіру үшін дымқыл құммен жүруден гөрі ежелгі қалауды бұзу оңайырақ деп шешті.
Historic Assynt мұндай оқиғалардың жиілеп бара жатқанын атап өтті. Келушілер керемет фотосуреттер үшін қабырғаларға өрмелейді және бұл әр жолы құрылыстың біртіндеп тозуына әкеліп отыр. Сондай-ақ қайырымдылық жәшіктерінен ақша ұрлау оқиғалары да тіркеліп отырады, ал жиналған қаражат жөндеу жұмыстарына жұмсалатын еді.
Ардврек қамалын шамамен 1490 жылы Шотландияның ең көне, текті отбасыларының бірі салған. XVIII ғасырдың басында ол қараусыз қалып, біртіндеп Ассинт көлінің жағалауындағы көркем қирандыға айналды. Бүгінде ол Шотландияның солтүстігіндегі танымал туристік орын.
Қабырғаның зақымдалған бөлігі жөнделді. Қамалдың айналасына құрмет көрсетуді сұрайтын қосымша белгілер орнатылды, ал қайырымдылық жәшігінің жанына қайырымдылықты онлайн жасауға мүмкіндік беретін QR- код орналастырылды.
Historic Assynt туристерді фотосурет үшін қирандыларға шықпауға және тарихи ескерткіштерге ұқыпты қарауға шақырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордада вандалдар қатаң жазаланғанын жазған едік.