Шоу-бизнес жұлдыздары алматылықтарды автобусқа отыруға үгіттеді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шоу-бизнес жұлдыздары алматылықтарды қоғамдық көлікпен қатынауға үгіттеді. Бүгін олар қала көшелерін автобуспен жүріп өтті.
None
None

«Батыста қоғамдық көлікте, метрода кез-келген саланың белгілі тұлғасын кездестіруге болады. Ал бізде ол жұлдыздарға лайық емес сияқты көрінеді. Сондай түсінік қалыптасқан. Мен өзім үнемі метромен қатынаймын. Қоғамдық көлікке арналған қосымша жолақты енгізген соң мен тек автобуспен жүретін боламын. Бұл автомобильге арналған жолда сағаттап кептелісте тұрғаннан артық», - деді белгілі шоумен, цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов.

«Азиада аруы» Күміс Базарбаева да өзінің қоғамдық көлікті таңдайтынын жеткізді.

«Газбен жүретін жаңа автобустар, веложолдар, метро, енді қосымша жолақ қала тұрғындары үшін автобуспен қатынаудың басты стимулы болып отыр», - деді К.Базарбаева.

Акцияға KeshYou тобы, әнші Турал қатысты.

Шоу-бизнес өкілдерімен бірге автобуста қалалық қоғамдық көлік басқармасының басшысы Талғат Әбдірахманов та жүрді.

Осыған дейін Алматыда Абай көшесінің бойында Достық даңғылынан Момышұлы көшесіне дейінгі аралықта қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жасалатыны туралы хабарлап едік. «Қазір жолды, тұрақ орнын белгілеу сияқты дайындық жұмыстары жасалып жатыр. Осындай жолдар әлемнің көптеген елдерінде бар. Бұл автобустың жылдамдығын сағатына 12 шақырымнан 18 шақырымға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Соған сай автобустар мен троллейбустар бекітілген графикке сай қозғалатын болады. Бір-бірін қайталайтын маршруттардың біразы қысқарып, автобустардың жүру уақытының алшақтығы азайтылады», - деді ол.

Сондай-ақ шенеунік жаңа жылдан бастап автобустарда қолма-қол есептесу жүйесі жойылатынын жеткізді. Бұл қоғамдық көліктердің жолаушы үшін бәйге ұйымдастыруына, өзара жарысуына қарсы шара болмақ.

Соңғы жаңалықтар