Шри-Ланка түрмесіндегі тәртіпсіздіктен 25 адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланды
АСТАНА. KAZINFORM — Шри-Ланка түрмелерінің бірінде болған қақтығыс салдарынан кемінде 25 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жарақат алды. Қаза болғандардың төртеуі түрме күзетшілері, деп хабарлайды Euronews.
Билік өкілдерінің мәліметінше, бұл – соңғы бес жылдан астам уақыттағы ең ірі түрме тәртіпсіздігі.
Полицияның хабарлауынша, екі есірткі қылмыстық тобына қатысы бар сотталғандар арасындағы түнгі қақтығыстан кейін зардап шеккендер Негомбо қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
Аурухана директоры Пушпа Гамлат медициналық мекемеге 25 адамның мәйіті жеткізілгенін, сондай-ақ 100-ден астам жараланған сотталған мен күзетшіге медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
Ресми мәліметке сәйкес, жаппай төбелес жексенбі күні кешке 10 мыңға жуық адам қамауда отырған Негомбо түрмесінде басталған.
Оқиға орнына полицияның арнайы жасағы шақырылғанымен, олар түрме аумағына кірген жоқ.
Дүйсенбі күні түрме алдына сотталғандардың туыстары жиналды. Жергілікті тұрғындар атыс дыбыстарын естігендерін айтып, билік жағдайды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланған.
Еске салсақ, 2020 жылдың желтоқсанында Шри-Ланканың тағы бір түрмесінде болған тәртіпсіздік кезінде 11 сотталған қаза тауып, 117 адам жараланған еді. Ол кезде COVID-19 пандемиясының шарықтау кезеңінде түрмелердің шамадан тыс толуына байланысты билік жүздеген адамды мерзімінен бұрын босатқан.
Қазіргі уақытта Шри-Ланканың пенитенциарлық жүйесі күрделі жағдайда қалып отыр. Сыйымдылығы 10 мың адамға есептелген түрмелерде бүгінде 39 мыңнан астам адам қамауда отыр. Бұл белгіленген нормадан шамамен төрт есе көп және зорлық-зомбылық пен наразылықтардың жиілеуіне себеп болып келеді.