Шри-Ланкадағы экстремалды ауа райы салдарынан қаза тапқандар саны 607-ге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — «Дитва» циклоны тудырған қолайсыз ауа райы салдарынан Шри-Ланкада қаза тапқандар саны 607 адамға дейін өсті. Бұл туралы жұма күні елдің Табиғи апаттарға қарсы күрес орталығы хабарлады, деп жазады Синьхуа.

Шри-Ланка, су тасқыны
Фото: Синьхуа

Орталықтың дерегінше, тағы 214 адам хабар-ошарсыз кетті деп танылған. Табиғат апаты ел бойынша 586 464 отбасынан құралған 2 миллионнан астам адамға әсер еткен. 4164 үй толық қираған, ал 67 505 үй жартылай зақымданған.

Сонымен қатар, Шри-Ланканың метеорология департаменті 9–11 желтоқсан аралығында елдің кейбір аймақтарында солтүстік-шығыс муссондары салдарынан жауын-шашынның күшеюі мүмкін екенін ескертті.

Шри-Ланканың Құрылыс және зерттеулер жөніндегі ұлттық ұйымы да Канди, Кегалле, Курунегала, Матале және Нувара-Элия округтеріндегі бірқатар аудандарға көшкін қаупіне байланысты 3-деңгейлі ерте ескерту жариялады.

Бұдан бұрын Шри-Ланкада су тасқыны салдарынан 334 адам қаза тапқанын жазғанбыз.

Сонымен қатар Шри-Ланкада табиғи апаттарға байланысты елде төтенше жағдай енгізілді.

Соңғы жаңалықтар