ШУАҚОВ ҚОЖАХМЕТ
Шуақов Қожахмет (1907-1990) - ғалым-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, Қазақстанға еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Алматы облысы Алакөл ауданының Шарбақты ауылында дүниеге келген. 1928 жылы Қазан қаласындағы жұмысшылар факультетін, 1936 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын (қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) бітірген.
1936-1945 жылдары - Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында аудандық аурухананың хирургі, бас дәрігері, қалалық аурухананың бас дәрігері. 1945-1947 жылдары - Алматы мемлекеттік медициналық институтының ассистенті, 1947-1956 жылдары - Қазақ клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері, директордың орынбасары. 1956-1963 жылдары - Семей медициналық институтының ( қазіргі Семей мемлекеттік медициналық академиясы) ректоры. 1963-1981 жылдары Алматы мемлекеттік медициналық институтының (қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері өнеркәсіптік жарақаттардан сақтану, қорғасыннан уланған және басқа ауруларға шалдыққан адамдарда хирургиялық жолдармен емдеу мәселелеріне арналған.
Қожахмет Шуақов 4 монографияның және 97 астам ғылыми жұмыстардың авторы. Оның жетекшілігімен 13 кандидаттық, 1 докторлық диссертация қорғалған.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», Октябрь Революциясы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том.