«Шұбар» және «Телман» тұрғын алаптарын газдандыру биыл аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың «Шұбар» және «Телман» тұрғын алаптарын газдандыру биыл аяқталады. Бұл туралы «Астана қаласының энергетика басқармасы» ММ басшысының орынбасары Мақсат Ысмағұлов айтты.

— Бүгінге қалада 34 тұрғын алабы толығымен газбен жабдықталған. Былтыр газ шеңбері құрылысын аяқтадық. Қазір қала жан-жағынан газбен жабдықталған. 200 мың тұрғынға газ желісі жеткізілген. Биылға жоспарланған «Шұбар» және «Телман» тұрғын алаптарын газдандыруды аяқтаймыз деп отырмыз. Қажетті қаражат бөлінген. Сарыарқа, Алматы, Есіл және Нұра аудандарының кейбір бөлігі газдандырылған, — ол қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, жеке инвестор Үркер тұрғын алабыда мыңға жуық үйге газ тартты. Биыл мемлекеттік-жекешелік серіктестік арқылы жұмыс жалғасады. «Кирпичный» тұрғын алабын газдандыруға қатысты жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті. Газ тартылмаған ек тұрғын алабы бар. Олар — Өндіріс пен Garden Village. Бұл тұрғын алаптар бойынша жоба осы жылдың тамыз айында сараптамадан өтеді. Құрылыс жұмыстары жыл аяғында басталып, келесі жылы жалғасады.
— Елорданы газдандыруды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарымызда бар, — деді Мақсат Ысмағұлов.
Бұған дейін елорданың тұрғын алаптарында инженерлік желілер қалай салынып жатқанын жазған едік.