Щучинск тұрғындары кәріз желілері құрылысының аяқталуын 10 жылдан бері күтіп жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының Щучинск қаласында жобасы 2015 жылы әзірленген кварталдық кәріз желілерінің құрылысы ұзаққа созылып кеткен. Осы уақыт ішінде қаладағы бірнеше аудан ғана кәріз жүйесіне қосылған.
Тұрғындар не дейді?
«Швейная фабрика» шағын ауданындағы Аққайың, Березовая және Гранитная көшелерінің тұрғындары құбыр төсеу жұмыстары технологиялық талаптарды бұза отырып жүргізілгенін айтып отыр. Олар 2022 жылғы ақпанда өз көшелерінде кәріз құбырларын қалай төсегенін фотоға түсіріп алған.
- Біздің көшедегі кәрізді шынымен көмуге келді. Онда люк (қақпақ) жоқ оны жолмен бірге жауып кеткен. Жай ғана қазып, құбырларды тастап, қайта көміп тастаған. Ешқандай төсеме, ешқандай қорап жоқ. Кей жерлерде тормен бірге көмілгенін білеміз. Енді мұның бәрін қосу мүмкін емес екенін кез келген сарапшы түсінеді. Қосу үшін қайта қазу керек, - дейді жергілікті тұрғын Юлия.
Оның айтуынша, 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған ескі кәріз жүйесі әлдеқашан ауыстыруды қажет етеді.
- 40 пәтерге ортақ бір ғана құдық. Оны өз қаражатымызға жөндейміз. Жаңа кәріз сала бастағанда қатты қуандық, жүйелі жұмыс болады деп үміттендік. Бірақ кәріз желілері бір-бірімен қосылмаған, мұндай жүйе ешқашан жұмыс істемейді, - дейді Юлия.
Қазір тұрғындар өз қаражатына әлсін-әлсін сорғызып тұратын ортақ тормен (септик) шектеліп отыр. Олардың айтуынша, мәселе бірнеше рет жергілікті билік алдында көтерілген, бірақ жұмыстың қашан аяқталатыны жөнінде нақты жауап болмаған.
Жеткіліксіз қаржыландыру, түзету және ревизия
Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Бейбітжан Молдаханов жобаның екі-үш жылда аяқталуы тиіс болғанын, бірақ іске асырыла бастағаннан бері жеті жылға созылғанын растады.
- Жоба 2018 жылы басталған, бірақ толық қаржыландырылмағандықтан мерзім ұзартылды. Алдымен республикалық бюджеттен, кейін жергілікті бюджеттен қаржыландырылды. Алайда үнемі қажетті мөлшерден аз қаражат бөлінді. Осы себепті жоба мерзімі де созылды. 2022 жылы түзету жүргізілді. Қазір жұмыс қайта басталды, төселген құбырларға ревизия жүріп жатыр. Ол жерлер көмілмеген, кей жерлері мүлдем қосылмаған, - деді ол.
Сондай-ақ әкім орынбасары құм төсенішінің жобада қарастырылмағанын да айтты.
- Тұрғындар сұрағандай құм төсемесімен жасасақ, бұл «алтын» жобаға айналады. Төсеме қазылған өз топырағымен жасалады, - деді ол.
Жоба 85% орындалған – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы
Ақмола облысы ТКШ басқармасының мәліметінше, «Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласының ішкі кварталдық кәріз желілерінің құрылысы» нысанының жобалық құжаттамасы 2015 жылы әзірленген. Бас мердігермен келісімшарт 2018 жылы жасалған.
- Алайда қызметтер мен материалдар құнының қымбаттауына байланысты 2022 жылы жобаға түзету қажеттілігі туындап, жұмыс уақытша тоқтатылды. 2024 жылы оң қорытынды берген сараптамадан кейін бас мердігер «Қазбайлық Астана» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын қайта бастады, - деп хабарлады ведомство.
Бастапқы келісімшарттың сомасы 4 млрд 270 млн 560 мың теңге болған. Түзету жүргізілгеннен кейін жұмыс құны 5 млрд 109 млн 886 мың теңгеге дейін өскен. Мемлекеттік органдар қазір 4 млрд 536 млн 271 мың теңгенің жұмысы орындалғанын, яғни жоба 85% дайын екенін хабарлады.
- Бас мердігер ұйымға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тарапынан жекелеген жұмыстың сапасына қатысты ескертулер жасалған болатын. Барлық анықталған ескерту қысқа мерзімде жойылды, бұл тиісті тексерулермен расталды. Жоба 2026 жылы толық қаржы бөлінген жағдайда аяқталады, - деп атап өтті басқармадан.
«Швейная фабрика» шағын ауданында құбыр төсеу мәселесіне қатысты шенеуніктер жобаның техникалық қадағалаумен қатар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
- Жобада аталған учаскеде қорап орнату қарастырылмаған, жергілікті топырақтан қорғаныш қабаттарын жасау көзделген. Қосымша хабарлаймыз, осы аумақта магистральдық желіге қосу үшін кәріз желісіне қосымша желі төсеу жұмыстары жоспарланып отыр. Бас мердігер ұйым жұмысты жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, қатаң орындап жатыр, жобалық шешімдерден ауытқу жоқ, - деп мәлімдеді ведомство.
Жоба аясында БСХТ, «Конный двор», «Химчистки» аудандарында, Заречный шағын ауданында және Пролетарская мен Октябрьская көшелерінде кәріз жүйесі іске қосылған. Қалған қала тұрғындарына 2026 жылдың соңына дейін күтуге тура келеді.
Техникалық және авторлық қадағалау жұмыстың сапасын бақылауды жалғастырып жатқанына қарамастан, «Швейная фабрика» шағын ауданының тұрғындары жер астындағы желілерге қайта тексеріс жүргізілмей және көміліп қалған учаскелер ашылмаса, жобаның тиісті деңгейде жұмыс істемейтініне күмән келтіріп отыр.
Еске сала кетсек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елімізде кәріз желілері қарыз және кредит есебінен жаңартылатынын айтқан еді. Министрдің мәлімдеуінше, Ұлттық жоба аясында 45 қалада кәріз тазарту құрылғысы жаңғыртылып, 2800 шақырым су бұру және 5 мың шақырым су құбыры желісі жаңартылады.