Щучинскіде кафеде газ қоспасының жарылуынан алты адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, артынша өрт шықты. Оқиға салдарынан алты адам көз жұмды.

п
Фото: Ақмола облыстық ТЖД

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, хабар түскеннен кейін бес минут ішінде өңірдің құтқару күштері мен құралдары оқиға орнына жеткен.

«Өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды құтқарды. Алдын ала деректер бойынша, оқиға салдарынан шамамен 20 адам зардап шекті, алты адам қаза тапты», – деді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

п
Фото: Ақмола облыстық ТЖД

Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілген. Құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.

«Ақмола облысы ТЖД-да 8 (7162) 514-298 нөмірі бойынша жедел желі ашылды. Оқиға орнында ТЖД басшылығы, облыс әкімінің орынбасары, өрт сөндіру бөлімшелері, құтқару топтары, медициналық қызмет пен полиция, газ-техникалық инспекция жұмыс істеуде. Санавиация мен ТЖМ реанимобильдері дайындыққа келтірілді», – деп қосты ведомстводан.

Бұған дейін Астанада екі қабатты ғимарат өртенгені хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум