ШҰҒЫЛ: Астанада 24 жастағы жігіт таныс әйелін, одан кейін оның сегіз жасар қызын буындырып өлтірді

АСТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат - Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, 8 қазан күні бұрынғы металл базасының маңынан 25-30 жас аралығындағы әйелдің мүрдесі табылды.
None
None

Алдын ала тексеріс оның буындырылып өлтірілгенін (асфиксия) айқындады. Оқиға орнына тез арада ІІД басшылығы мен жедел тергеу тобы жетті. 

Марқұмның 1978 жылы туған Б. есімді Астана қаласының тұрғыны екендігі анықталған соң, полиция қызметкерлері оның тұрғылықты жеріне барды. Жатақханадағы оның бөлмесінің есігі жабық болған, алайда көршілері түнде азаматша Б.-ның қызының айғайлаған дауыстарын естігенін айтты. Есікті бұзып кірген тәртіп сақшылары бөлмеден зорлықпен өлтірілген жасөспірім қыздың мүрдесін тапты. Бөлме іші астан-кестең болған.

«Жедел топтар аталған қылмысты ашу үшін жедел шаралар қолданды. Аз уақыттың ішінде әйелдің аты-жөні анықталды. Кешенді жедел іздестіру шаралары барысында тәулік соңына қарай аса ауыр қылмысты жасаған қылмыскердің де аты-жөні анықталып, артынша ұсталды. Бұлтартпас айғақтарға қарсы уәж таба алмаған қылмыскер қылмысын мойындап, сондай-ақ жәбірленушінің бөлмесінен алып кеткен заттарды қайтарды. Белгілі болғандай, ұсталған азамат елордада бұған дейін де жасалған ауыр қылмыстарға қатысты болып шықты», - деп хабарлады Астана қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Амантай Әубәкіров.

Полиция қызметкерлері істі тексере келе, астананың 24 жастағы Е. есімді тұрғыны жаңадан танысқан Б. есімді азаматшамен бірге көлікпен қыдыруға шыққанын, сол кезде екеуінің арасында жанжал туындап, нәтижесінде ұсталған азамат әйелді ұрып-соғып, артынша сыммен қылқындырып тастағанын анықтады.

Әйелдің қызы өзін танып қоюы мүмкін деген қорқынышпен (өйткені ол шешесінің кіммен кеткенін көрген) қылмыскер куәгерден де құтылуды ойлайды. Әйелдің қалтасынан кілтін алып, түнделетіп оның бөлмесіне келеді. Бөлмеге кіріп, белбеуімен 8 жасар қызды буындырып өлтіріп, теледидар, ноутбук және басқа да заттарды алып кеткен.  

Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 96-бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат Астана қалалық ІІД-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар