ШҰҒЫЛ: Атырау облысында мол жауған қар мен бұрқасынның салдарынан пойыздардың қозғалысы түгелімен тоқтады
АТЫРАУ. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырау облысында мол жауған қар мен бұрқасынның салдарынан жолаушылар пойыздарының қозғалысы түгелімен тоқтады.
Көлік прокуратурасынан мәлім еткендей, бір жолаушылар пойызының қар құрсауында қалып қоюы салдарынан қозғалыс түгелімен шектелді. Қазіргі уақытта Құлсары стансысында 201 жолаушысы бар (олардың 25-і кәмелеттік жасқа толмағандар) «Маңғышлақ-Астана» бағытындағы пойыз, 261 жолаушысы бар (оның 16-сы балалар) «Маңғышлақ-Атырау» пойызы тұр. Ал «Душанбе-Мәскеу» бағытындағы жылжымалы құрамда 157 адам бар, оның 10-ы балалар. «Мәскеу-Душанбе» пойызында - 38 жолаушы. Стансылардың бірінде 308 жолаушы (оның 14-і кәмелеттік жасқа толмағандар) мінген «Ақтөбе-Маңғышлақ» пойызы тұр. Құлсары стансысында, сондай-ақ 12 жүк пойызы аялдап тұр, олардың дені мұнаймен Теңізден шыққандар.
Осы уақытта пойыздардың кестелерінен кешігуі 10-16 сағатты құрап отыр.
Көлік прокуратурасынан хабарлағандай, комиссия құрылды. Жолаушылар пойыздарына медицина мамандары жіберілді. Денсаулығының аса ауыр жағдайына әзірге шағымданған ешкім жоқ. Теміржолдарды қардан тазартуға апатты-қалпына келтіру пойыздары жұмылдырылды.
Бұған дейін хабарланғандай, Құлсары аудан орталығынан бірнеше шақырым жерде таңертеңнен бері қар құрсауында жолаушылар пойызы тұр. Алдын ала мәліметтер бойынша, Ақтаудан шыққан пойызда 500-ге жуық адам бар.
Ең далада қар құрсауында қалған құрамға көмекке маневрлік пойыздар жөнелтілді. Бірақ олардың жолды тазартуға бағытталған әрекеттерінен әзірше нәтиже жоқ.
Оқиғаға орнына, сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері аттандырылды. Жолаушылар Құлсары қаласына эвакуацияланатындығы жоққа шығарылмайды. Бірақ оны қалайша жүзеге асыруға болатыны әзірге белгісіз - жылжымалы құрамға баратын жолдар қалың қартың астында.