ШҰҒЫЛ: Іле-Алатау ұлттық паркіндегі оқиғаның Арқанкергендегі оқиғамен еш байланысы жоқ - ІІМ
АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Алматы облысы Іле-Алатау ұлттық паркіндегі 11 адамның өлімі орын алған қылмыстың «Арқанкерген» шекара бекетіндегі оқиғамен еш байланысы жоқ.
Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Қазіргі уақытта аталған екі оқиға мен облыста орын алған басқа да оқиғалардың арасында еш байланысы анықталған емес», - деп атап өтті журналистер сауалына жауап берген баспасөз хатшысы Н. Ораз. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарынан ақпарат таратуда тек тергеу барысында нақты анықталған және ресми дәлелденген ақпараттарды ғана пайдалануға шақырады.
Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 30 мамырында «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы жағдай орын алып, кейін 14 адамның мәйіті табылған еді. Оның ішінде қорықшының да денесі бар болатын. Тек әскери қызметін өтеуде жүрген шекарашы В. Челах қана тірі табылған еді.
Ал тамыздың 13-і күні Алматы облысы Іле-Алатауы ұлттық паркіндегі қайғылы оқиғадан кейін табылған мәйіттер саны 11-ге жетіп отыр. Бұның да арасында қорықшы бар. Ал қазіргі уақытта өлтірілген қорықшының 51 жастағы ұлына іздеу жарияланған.