ШҰҒЫЛ: Қарағандыда пара берді деген күдікпен Қытай азаматы тұтқындалды
Бұл туралы Қарағанды облысының қаржы полициясы департаменті хабарлады.
«2012 жылдың 8 қазанында Қарағанды облысы бойынша қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері делдал арқылы 4 мың АҚШ доллары көлемінде пара бермекші болған «CGC Overseas Construсtion CO LTD» ЖШС филиалының директоры, Қытай Халық Республикасының азаматын тұтқындады. Келесі күні оған қатысты пара беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 11 қазанда оған аталмыш факті бойынша айып тағылып, бұлтартпау шарасы ретінде ол қамауға алынды», - деп мәлімдеді брифингте облыстық қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Сүлейменова.
Тексеру амалдары анықтағандай, пара «Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті» ММ-нің директорына ЖШС-ны тексеру барысында анықталған тәртіп бұзушылық фактілерін жасыру үшін берілуі тиіс болатын.
Қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы мәлім еткендей, пара беруде делдалдық фактісі бойынша «Орда Строй Инвест ЛТД» ЖШС кадр бөлімінің инспекторына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әзірге оған айып тағылмады.
«Қылмыстық іс тексерілуде. Тергеудің мүддесіне орай басқа ақпарат жарияланбайды», - деді Г. Сүлейменова.