ШҰҒЫЛ: Кісі өліміне соқтырған жол-көлік апатына кінәлі деп айыпталған Қарағанды облысы энергетика және ТКШ басқармасының бастығы тұтқындалды

«Сот Е.Өтешевке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге тұтқынға алу жазасын таңдау туралы өтінішті қанағаттандыруға қаулы алды», - Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданының соты Рәсила Жуазбекова осындай шешімді жариялады.
Соттан хабарлағандай бүгін Қарағанды қаласы прокурорының көмекшісі Шыңғыс Нұрдәулетов Е.Өтешевке ҚР ҚК 2 бөлімі 296-бабы бойынша қылмыс жасағаны туралы айыптау тақты. Е.Өтешев сотта кінәсін ішінара мойындайтынын хабарлады. Сот қаулыға үш тәуліктің ішінде шағым беруге болатынын түсіндірді.
Еске сала кетейік, 16 ақпанда Қарағанды облысы энергетика және ТКШ басқармасының бастығы Е.Өтешев кісі өліміне соқтырған жол-көлік апатын жасады. Шенеунік жол талғамайтын "БВМ Х 5» көлігімен жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «Тойота Королла» және «Опель» автомобильдерімен соқтығысты. ЖКО нәтижесінде 53 жастағы әйел қазаға ұшырады, «Тойота» және «Опель» жүргізушілері әртүрлі жарақат алды. Е.Өтешевтің өзі де бас миы зақымданып ауруханаға түсті. Сараптаманың көрсеткеніндей, ЖКО жасау кезінде Е.Өтешев орташа дәрежедегі алкогольдық мас күйінде болған.