16:54, 04 Желтоқсан 2012 | GMT +5
ШҰҒЫЛ: Көктайғаққа байланысты Павлодар және Ақмола облыстары аумағындағы республикалық жолдар жабылды
АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Көктайғаққа байланысты сағат 16:00-ден бастап Павлодар және Ақмола облыстары аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардағы қозғалысқа шектеу қойылды.

Бұл туралы «Қазавтожол» РМК-ның баспасөз қызметінен хабарлады.
Павлодар облысы аумағында сағат 16:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ) «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолының 205-259 шақырымы бойындағы «Шідерті-Ақмола облысының шекарасы» учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін жолға шығуға тыйым салынды.
Сонымен қатар аталған уақыттан бері «Қызылорда-Павлодар» жолының 1309-1135 шақырымы аралағында «Қалқаман-Қарағанды облысының шекарасы» учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысына шектеу қойылды.
Ал Ақмола облысы аумағындағы «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолының 156-205 шақырымындағы «Ерейментау-Ақмола облысының шекарасы» аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылды.