ШҰҒЫЛ: ОҚО-да құлаған ұшақтың құйрық жағы мен қанаттарының бөлшектері ғана қалған
ШЫМКЕНТ. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қайғылы оқиға орын алған жерде болған куәгерлердің айтуынша, құлаған ұшақтың құйрық жағы мен қанаттарының бөлшектері ғана қалған. Қалған жері күлге ұқсайды.
Ресми органдар қаза болғандар санын нақтылаған жоқ, алайда қайғылы оқиғаны көргендер ұшақ құлаған жердің айналасында полиэтилен пакеттері қойылған, сірә, қаза тапқандардың мүрделері болар деп топшылайды. Оқиға болған жер полицейлер қатарларымен қоршауға алынған, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жібермейді, журналистер ұшақ құлаған жерден шамамен үш жүз метрдей жерде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ҚР ҰҚК баспасөз қызметі АН-72 әуе кемесінің бортында экипаждың 7 мүшесі, 20 әскери қызметші, соның ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы, полковник Т.М.Стамбеков болғанын хабарлады. .
Әуе кемесі апатқа ұшыраған жерде құтқару қызметі жұмыс жасауда. Осы факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.