ШҰҒЫЛ: ШҚО-да «Өскемен-ҚХР» бағытындағы жолаушылар автобусы аударылды, 10 адам зардап шекті

«Фатон» маркалы автобустың 38 жасар қытайлық жүргізушісі тізгінге ие бола алмай қалып, көлік аударылып түсті. Апат нәтижесінде жүргізуші және 9 жолаушы жарақаттанған. Барлығы Мақаншы ауылының ауруханасына жеткізілді.
Сонымен қатар, дәл осы күні тағы екі жол көлік оқиғасы болды. Таңертең ерте «Омбы-Майқапшағай» тасжолының 136 шақырымында Алматыдан келе жатқан 37 жасар жүргізуші рульде отырған күйі ұйықтап кетіп, жолда тұрған КамАЗ-5320 автокөлігіне барып соғылған. Апатта «Тойота Ланд Крузер» шетел маркалы көлігі жүргізушісінің жанында отырған жұбайы және екі жасар қызы жарақаттанған. Зардап шеккендердің екеуі де басының ауыр жарақаттарымен Ақжар ауылының ауруханасына жеткізілді.
Тағы төрт адам Асубұлақ ауылының шетінде «ИЖ-Планета-5» мотоциклінің төңкеріліп қалуынан зардап шекті, деп хабарлады жол полициясында.