ШҰҒЫЛ: Шымкент-Алматы бағытында бет алған жолаушылар автобусы жанып кетті
ТАРАЗ. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында Алматы-Ташкент тас жолының 187-шақырымында,
Қордай ауданының Отар стансасы аумағында Шымкент-Алматы бағытында бет алған «Setra» жолаушылар автобусында өрт болды, деп хабарланды өңірлік ТЖД-нің баспасөз қызметінен.
Облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің Отар стансасындағы өрт сөндіру бөлімі тілсіз жаумен екі сағат күресті.
Өңірлік ТЖД-нің баспасөз қызметінен анықтағандай, жалын салдарынан автобус толығымен жанып кетті. Зардап шеккендер жоқ.
1985 жылы шығарылған шымкенттік автобусты ОҚО-ның 47 жастағы тұрғыны басқарған. Автобустың ішінде 45 жолаушы болды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің орын алуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болды, материалдық шығын анықталуда.