07:32, 04 Мамыр 2017 | GMT +5
Швеция шекарасында төлқұжат тексеру тоқтатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұдан былай Швеция шекарасында көрші Даниядан автобус, пойыз немесе кеме арқылы келген азаматтардың төлқұжаты тексерілмейді, деп жазады «Хабар 24».
2015 жылы көші-қон ахуалына байланысты екі ел шекарасында бақылау енгізілген. Алайда жергілікті биліктің айтуынша, оны ұзартудың еш қажеті жоқ. Өйткені соңғы уақытта елге ағылған мигранттар саны күрт азайды. Оның үстіне бұл халық үшін де қолайсыз. Себебі мыңдаған тұрғын Данияда, ал даниялықтар керісінше Швецияда жұмыс істейді. Бірақ күнделікті төлқұжат тексеру кесірінен екі ортада қатынау қиындап кетті.
Салдарынан біреулер жұмысын, енді басқалары тұрғылықты орнын ауыстырған. Есесіне енді Швеция билігі шекарадағы бақылауды өзге жолмен күшейту шараларын қолға алып отыр. Мұнда көлік нөмірлерін автоматты түрде анықтайтын камералар орнатылып, темір тұлпарлар ренгтен көмегімен сканерленеді.