Швециялық ұшқыш жалған лицензиямен 13 жыл бойы жұмыс істеп келген
деп хабарлады сәрсенбі күні «Франс Пресс» агенттігі голландиялық полицияға сілтеме жасап.
Миланда тұратын 41 жастағы швед Ұлыбритания, Италия және Бельгия елдерінің түрлі әуе компанияларына жұмыс істеген және жалпы есеппен 10 мыңдай сағат ұшқан.
Аты-жөні жария етілмей отырған ұшқыш швед өкіметі жолдаған жедел мәліметтің негізінде сейсенбі күні кешке Амстердамдағы «Схпихол» әуежайында ұсталған.
Голландиялық полицияның мәлімдемесі бойынша, ұшқыш бортында 100-ден астам жолаушы болған және Анкараға ұшқалы тұрған Boeing 737 лайнерінің пилоттар кабинетінде қамауға алынған. Әлгі азаматтың тек жеңіл моторлы ұшқыштарды басқару лицензиясы болғанын, ал оның мерзімі өтіп кеткен құжат екені белгілі болып отыр.
Голландиялық NOS телеарнасының хабарлауынша, ұшқыш өзінің алаяқтық әрекетін мойындаған. Ол әзірге қамауда.