Швед депутаты Еуропарламентте хиджаб киюге тыйым салуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропарламент депутаты, «Швед демократтары» партиясының өкілі Чарли Веймерс Еуропалық Одақтың заң шығарушы және өкілетті органы саналатын Еуропарламенттің барлық қызметкерлері мен жұмысшыларына мұсылман әйелдерінің бас киімдерін — хиджаб пен никабты киюге тыйым салу туралы бастама көтерді, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Чарли Веймерс
Фото: Азертадж

Депутаттың айтуынша, бұл бастама әйелдердің бағыныштылық символдарынан арылуына және еркіндікті сезінуіне бағытталған.

Чарли Веймерс келесі аптада Еуропарламент төрайымы Роберта Метсолаға осы бастамаға қолдау білдірген депутаттардың қолы қойылған петицияны табыстамақ.

Қазіргі таңда бұл ұсынысты негізінен оңшыл және консервативтік партиялардың шамамен 30 депутаты (720-ның ішінен) қолдап отыр.

Алайда либерал Карин Карлсбро бұл тыйымға қарсы екенін білдіріп, Еуропарламент депутаттарының киім кию еркіндігі шектелмейтінін айтты.

— Депутаттар қалаған мәлімдемесін жасай алады, бірақ мен бұл ұсынысты қолдамаймын, — деді ол.

Чарли Веймерс өз бастамасына Франциядағы мемлекеттік қызметкерлер үшін діни символиканы пайдалануға салынған тыйымды, сондай-ақ Бельгия, Нидерланды және Аустриядағы қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын киімдерге қатысты заңнамалық шектеулерді мысал ретінде келтірді.

Бұдан бұрын Францияның Ішкі істер министрі Бруно Ретайо университеттерде хиджаб киюге тыйым салу идеясын қолдағаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар