Швед полициясы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрестегі өз кемшіліктерін мойындады

АСТАНА. KAZINFORM — Швед полициясының басшылығы әйелдерді жақын қарым-қатынастағы ер адамдар тарапынан жасалатын кісі өлтіру қылмыстарынан қорғау жұмыстарының тиімді болмауына ішкі көзқарастар мен эмпатия жетіспеушілігі кедергі келтіргенін мойындады, деп жазды AZƏRTAC.

отбасылық зорлық-зомбылық
Фото: Pexels

AZƏRTAC агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ауыр және өліммен аяқталатын түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық полицейлік «Бета» операциясы аясында дайындалған есепте айтылған.

Құжатта 2023–2024 жылдары әйелдерді олардың серіктестері немесе басқа да жақын ер адамдар өлтірген 17 іс қарастырылған. Осы істердің үшеуінде полицияда зорлық-зомбылық туралы ақпарат бола тұра, тіпті ресми арыз тіркелмеген. Есепте бірнеше оқиғада егер полиция тиісті әрекет жасаған болса, әйелдер аман қалуы мүмкін еді деп атап көрсетіледі.

«Бета» операциясының ұлттық операциялық жетекшісі Яле Польяревиус баспасөз конференциясында бұл мәселенің түп-тамыры бүкіл қоғам мәдениетінде жатқанын айтып өтті. Оның сөзінше, полиция әйел адамның арызданудан бас тартуын ғана негіз етіп тоқтап қалмауы керек. Қызметкерлердің бойында эмпатияны дамыту — жұмыстың басты бөлігіне айналуы тиіс.

Жаңа іс-қимыл жоспары аясында полиция қызметкерлері үшін стандартталған әрекет алгоритмдерін енгізу және қауіп-қатер мен осалдық факторларына назарды күшейту көзделіп отыр. Бұл алғашқы тергеу сұхбаттарының сапасын арттырып, жәбірленуші басында ары қарай іс жүргізуден бас тартса да, тергеуді жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік береді.

Полиция өкілдерінің айтуынша, жаңа стратегияның басты мақсаты — жүйелі кемшіліктерді анықтап, оларды тез арада жою.

Еске сала кетейік, бұған дейін Швед археологтері XII ғасырға тиесілі күміс монеталарды тапқан еді.

Соңғы жаңалықтар