Швеция елшісі Қазақстанды көлікпен саяхаттады
АҚТАУ. KAZINFORM — Швецияның Қазақстандағы елшісі Ева Пулано ел аумағын көлікпен аралап шыққан. Ол жолдасымен бірге саяхаттап жүр.

Олар сапарды 20 маусым күні Астанадан бастап, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарының үстінен өткен. Одан соң Жылыой ауданындағы Құлсары қаласына барды. Сапардың Қазақстан аумағындағы бөлігі Маңғыстау облысында тәмамдалған. Саяхатшылар одан әрі, Баку арқылы Еуропаның 7-8 мемлекетін аралап, Швецияға дейін баруды жоспарлайды.
Дипломат мұндай саяхат арқылы өңірлермен жақынырақ танысып, елдің мәдениеті мен тұрмысын тереңірек түсінуді мақсат еткен.
— Құрықтан аттанатын паромды күткен кезде, Ақтауды аралап үлгердік. Бір сәттің әсерін сипаттап көрейін. Жағажайдағы мейрамханадан Каспийді тамашаладық. Айналамыз бақытты адамдарға толы болды. Дастарханда дәмі тіл үйіретін жергілікті дәм. Күннің батқанына осылай қарап тұру сан түрлі сезімдерге бой алдырып, ұмытылмас кеш болып есте қалды, — дейді Швецияның Қазақстандағы елшісі Ева Пулано.
Швеция елшісіне елді мекендерді көлікпен аралаған ұнаған. Ол саяхаттан ерекше әсер алғанын айтады.

— Елді мекендер арасында үйір-үйір жылқы, сиыр мен түйені көріп, ерекше әсерде болдым. Бұл мен үшін экзотика. Осы сапарға ұйытқы болған күйеуіме алғыс айтамын. Астанадан Стокгольмға көлікпен қайту оның идеясы болған. Қазақстанды енді тек табиғаты әдемі мемлекет қана емес, тағылымы мол мекен деп айта аламын. Сондықтан швед азаматтары мен өткен сапарды өздері жасап, көзбен көрсе екен деймін, — дейді елші.
Бұған дейін, Ақтауда 11 елдің шебері қойдың жүнінен текемет басып шығарғаны туралы жазған болатынбыз.