Швеция – Еуроодақта күн энергиясына салық салатын жалғыз ел

Швеция – Еуропалық Одақтағы жалғыз мемлекет, онда бір ғимараттың ішінде өндіріліп, сол жерде тұтынылатын күн энергиясына салық салынады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Швеция – Еуроодақта күн энергиясына салық салатын жалғыз ел
Фото: azertag.az

Бұл туралы Швецияның Күн энергетикасы қауымдастығы (Svensk Solenergi) мен Жылжымайтын мүлік иелері ұйымының (Fastighetsägarna) бірлескен жаңа есебінде айтылды.

Бұл талап қуаты 500 кВт-тан асатын күн панельдеріне қатысты. Осы шектен асқан жағдайда, өндірілген электр энергиясының барлығына салық салынады, тіпті ол электр желісіне қосылмаса да.

NREP энергетикалық компаниясының сарапшылары мұндай жағдай ірі күн энергетика жобаларын экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді деп есептейді.

— Біз шатырға 2500 кВт-қа дейін күн панельдерін орнатуға мүмкіндік бола тұра, саналы түрде қуатты 500 кВт-пен шектеуге мәжбүрміз. Бұл климаттық мақсаттарды көздейтін Швеция үшін ақылға қонбайтын жағдай, — дейді сарапшылар.

NREP мысал келтіреді: қуаты 500 кВт болатын қондырғыға жыл сайын шамамен 190 мың швед кроны (шамамен 18 мың доллар) көлемінде салық салынады. Бұл сома оның жылдық қызмет көрсету шығындарынан сегіз есе жоғары.

— Бұл өз бақшаңда қызанақ өсіріп, әр жеген сайын салық төлеумен тең. Бұл қисынсыз әрі әділетсіз, — деп сынады салық саясатын Svensk Solenergi ұйымының басшысы Анна Вернер.

Есепте Германия, Нидерланд, Дания, Испания және Аустрия сияқты елдерде бір ғимарат ішінде өндіріліп, тұтынылатын күн энергиясы салықтан толық босатылғаны айтылған.

Еуропалық комиссия да бірнеше рет ЕО елдерін шағын күн электр станцияларына қойылатын артық салықтар мен әкімшілік кедергілерді алып тастауға шақырған. Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі жаңартылған директивада бұл түрдегі электр энергиясы салық пен әкімшілік тосқауылдардан босатылуы керек екені нақты көрсетілген.

Алайда Швеция бұған керісінше бағытта әрекет етіп жатыр. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде электр энергиясына салынатын салық мөлшері 1 кВт⋅сағ үшін 49,3 эре (шамамен 0,047 доллар) деңгейіне дейін өседі. Ал 2026 жылдан бастап шағын өндірушілерге берілетін салықтық жеңілдік мүлде жойылады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл күн панельдерін орнатуға деген ынтаны одан әрі төмендетіп, үлкен ғимараттардың шатырлары пайдаланылмай бос қалуына алып келеді.

Айта кетелік Швецияда мектеп реформасы: дайындық сыныптары жойылып, он жылдық оқу енгізілетіні туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар