Швеция үкіметі мұғалімдердің жұмыс уақытына қатысты ережелерді өзгертпек

АСТАНА. KAZINFORM — Швеция үкіметі мұғалімдердің жұмыс уақытын алғаш рет орталықтандырылған тәртіппен реттеуді көздейтін заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Швеция мұғалімі
Фото: Азертадж

Агенттіктің хабарлауынша, реформа оқу жүктемесінің ең жоғары шегін белгілеуді және сабаққа дайындық пен кейінгі жұмыстарға бөлінетін уақыттың ең төменгі көлемін бекітуді қарастырады.

Білім министрі Симона Мохамссонның сөзінше, қазір мұғалімдердің жұмыс жүктемесі әр мектепте әртүрлі. Көптеген ұстаздар сабақ беруден бөлек, кезекшілік ету, шаруашылыққа қатысты жұмыстар сияқты өзіне тән емес міндеттерді де атқаруға мәжбүр. Жаңа заң осыны реттеп, мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартуға және білім беру сапасын көтеруге бағытталған.

Алайда муниципалитеттер мен Швеция муниципалитеттері мен өңірлері қауымдастығы (SKR) бастаманы қатаң сынға алды. Олардың айтуынша, реформаға жеткілікті қаржы қарастырылмаған, соның салдарынан сыныптардағы оқушы саны көбейіп, мұғалімдер жетіспеуі мүмкін. Бұл әсіресе шағын әрі шалғай мектептерге ауыр соққы болуы ықтимал. Сонымен қатар олар жаңа ережелер Швецияда бұрыннан қалыптасқан ұжымдық келісімдер жүйесіне қайшы келеді деп есептейді.

Үкімет бұл сынмен келіспей, SKR-ды әрекетсіздік танытып, проблемаларды мұғалімдердің мойнына артып отыр деп айыптады. Ал «Швеция мұғалімдері» кәсіподағы реформаны қолдап, оны білім беру жүйесі үшін аса маңызды қадам әрі бұрын реттелмеген жұмыс жүктемесін тәртіпке келтірудің жолы деп бағалады. Алдын ала деректерге сәйкес, негізгі және жоғары мектеп мұғалімдері үшін жылдық жұмыс уақыты 450–650 сағатты құрауы мүмкін.

Реформаның құнына қатысты келіспеушіліктерге қарамастан, кәсіподақтар оны қажетті деп санап, бұл бастама мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартып, білім беру сапасының артуына ықпал етеді деп үміттеніп отыр.

Осыған дейін Швеция полициясы 13 жастағы жасөспірімдерді түрмеге жабуға қарсылық білдіргенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар