Швеция жастары дербес өмірге дайын емес
АСТАНА. KAZINFORM – Көптеген швед жастары ата-анасымен бірге тұрып, тұрмыстық шығынды төлемейді.

AZERTAC агенттігінің хабарлауынша, Pengakollen-нің жыл сайынғы есебіне сәйкес, 19-29 жас аралығындағы жастардың 53 пайызы тұрғын үйге, азық-түлікке және басқа да шығынға ақы төлемейді. Жеке қаржы саласындағы сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай жастардың өз бетінше өмір сүру дағдыларының қалыптасуын қиындатуы мүмкін.
Есептеулерге қарағанда, үйде тұратын 20 жастағы бір баланың шығыны айына орта есеппен 7 320 швед кроны (шамамен 659 АҚШ доллары) болады. Алайда жастардың тек 10 пайызы ғана тұру үшін айына 3 000 крон (шамамен 310 доллар) немесе одан көп төлейді, ал 28 пайызы бұл сомадан аз төлейді. Мұндай жағдайдың негізгі себептері — ата-аналардың балаларына ақша үнемдеуге көмектесуге ұмтылуы және қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы жөніндегі түсініктің жеткіліксіздігі.
Жастардың жартысы толық жұмыс істесе де, ата-анасынан ақшалай көмек алады. Көп жағдайда ата-аналар ұялы байланыс, интернет, стриминг қызметтері мен азық-түлік шығындарын төлейді. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан жастардың 36 пайызы алдағы бес жыл ішінде өз баспанасын сатып алатынына сенбейтінін айтқан.
Сауалнама нәтижелері жастардың өмірінде шопингтің маңызды орын алатынын да көрсетті. Респонденттердің 61 пайызы қызығушылықтары мен хоббилеріне байланысты тауар сатып алатынын айтса, жастардың жартысына жуығы жеңілдіктер мен сатылымдарды белсенді пайдаланады. Әсіресе қыздар арасында шопингті жағымсыз эмоциялармен күресу әдісі ретінде пайдаланатындар көп. Бұл туралы сауалнамаға қатысқандардың 19 пайызы мәлімдеді.
«Қазір сатып ал — кейін төле» қызметтерінің, әлеуметтік желілер мен инфлюенсерлердің танымалдығы жастардың сатып алу белсенділігін арттырып отыр. Сарапшылар жастарға мұндай қосымшаларды жоюды, экран алдында өткізетін уақытты шектеуді және «24 сағат ережесін» ұстануды ұсынады.