Швецияда көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар қысқарады

АСТАНА. KAZINFORM — Швецияда көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік төлемдерді қысқарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Швеция
Фото: Азертадж

Швеция үкіметі әлеуметтік жәрдемақы жүйесіне ауқымды реформа жүргізетінін жариялады.

Агенттік хабарлағандай, бұл бастаманың негізгі мақсаты — муниципалитеттер тарапынан берілетін әлеуметтік төлемдердің шекті мөлшерін белгілеу. Өзгерістер әсіресе көпбалалы отбасыларға әсер етеді. Төртінші баладан бастап берілетін көмектің көлемі азаяды.

Әлеуметтік қамтамасыз ету министрі Анна Тенье бұл реформаның мақсаты — жәрдемақыға тәуелділікті азайту екенін айтты. Әсіресе, жұмыс істеуге мүмкіндігі бола тұра жылдар бойы мемлекет көмегімен өмір сүріп жатқан мигранттар арасында. Мысал ретінде ол бес баласы бар отбасын келтірді, қазір олар ай сайын 46 500 швед крона (шамамен 4,2 мың АҚШ доллары) алады. Жаңа шектеулер енгізілгеннен кейін бұл сома 38 300 кронаға (3,5 мың доллар) дейін қысқарады. Министрдің айтуынша, бұл ата-аналарды еңбек нарығына шығуға ынталандыруы тиіс.

Реформа үш негізгі бағыттан тұрады:

  1. Әлеуметтік төлемдердің ең жоғары мөлшерін шектеу;

  2. Жұмысқа орналасқандарға арналған арнайы сыйақы енгізу;

  3. Міндетті түрде жәрдемақы алушыларды қоғамдық пайдалы жұмыстарға тарту.

Сонымен қатар, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап елге жаңадан келген мигранттар әлеуметтік көмекке тек бес жыл тұрғылықты өмір сүргеннен кейін немесе бір жыл бойы айына кемінде 20 000 крона (шамамен 1,8 мың доллар) жалақы алып жұмыс істеген жағдайда ғана үміткер бола алады. Бұл шектеулер балалар жәрдемақысы, тұрғын үй көмегі және басқа да төлемдерге қатысты болады, бірақ әлеуметтік жәрдемді қамтымайды.

Үкіметтің есебінше, бұл өзгерістер шамамен 145 000 үй шаруашылығына әсер етеді, оның ішінде 30 000 отбасының жәрдемақысы едәуір қысқарады. Реформа толықтай 2028 жылы күшіне енеді.

Алайда бұл бастама оппозиция тарапынан қатты сынға ұшырады. Социал-демократтар үкіметті жұмыссыздықпен күресудің орнына балаларды кедейлендіріп, ата-аналарды жұмыс істеуге мәжбүрлеуді көздеп отыр деп айыптады. Олар қазіргі таңда Швециядағы жұмыссыздық деңгейі 9%-ға жуық екенін және соңғы бір жылда ұзақмерзімді жұмыссыздар саны 42 мың адамға артқанын еске салды.

Солшыл партия бұл ұсынысты «қорқынышты» деп атап, билік жаппай жұмыссыздықты елемей, ең әлсіз топтарға соққы жасап отыр деді. Жасылдар партиясының өкілдері бұл шараны «жәрдемақыны емес, кедейлікті реформалау» деп бағалап, ол әлсіз отбасылардың жағдайын одан сайын қиындататынын айтты.

Бұдан бұрын Швеция жұмыс істейтіндер мен отбасыларға ірі салықтық жеңілдіктер енгізілетіні хабарланды.

Соңғы жаңалықтар