Швецияда мешітті өртеу дерегі бойынша тергеу басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Лулео қаласында жаңа мешіттің құрылысы аяқталуға жақын қалған еді. Алайда ғимараттан өрт шықты. Қазір полиция бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр. Олар өрттің қасақана қойылған болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Швецияның Лулео қаласында мешітке от қою дерегі бойынша тергеу жүргізілуде
Фото: Азертадж

АЗЕРТАДЖ агенттігінің хабарлауынша, көшеде өтіп бара жатқан адам ғимараттан шыққан жалынды байқап, құтқару қызметіне дереу хабар берген.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, жалынның бүкіл ғимаратқа таралуына жол бермеген. Негізгі зақым ғимараттың бір бұрышына келген, зардап шеккендер жоқ.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, оқиға орнында техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижелері келесі аптада белгілі болады.

Қазір бұл оқиға бойынша «қасақана от қою» бабы бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр, бірақ әзірге күдіктілер анықталған жоқ.

Мешіттің құрылысын жүргізуге жауапты Норрботтен Ислам орталығының өкілі Бурхан Канбардың айтуынша, мешітті ашу бірнеше айдан кейін жоспарланған болатын, алайда бұл оқиғадан кейін нақты мерзімі белгісіз болып отыр.

— Маған хабарласып, ғимараттың жанып жатқанын айтты. Бақытымызға орай, өрт тарап үлгермеген, — деді ол. 

Сондай-ақ ол жергілікті тұрғындармен қарым-қатынастары жақсы екенін және оқиғаның себебі жөнінде болжам жасағысы келмейтінін айтты.

Бұдан бұрын Швецияға биыл қыста электр қуатының тапшылығы қауіп төндіруі мүмкін екені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар