Швецияда ішек инфекциясы өршіп тұр: Campylobacter бактериясы 200-ден астам адамға жұққан
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы апталарда Швецияда Campylobacter бактериясы туындатқан ішек инфекциясының күрт өсуі байқалып отыр.

АZƏRTAC агенттігінің хабарлауынша, Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі маусым айының басында 30 жағдай тіркелсе, өткен аптада бұл көрсеткіш 200-ден асты деп мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай өсу маусымдық сипатқа ие және әдетте тамыз айында шегіне жетеді. Басты жұқтыру көзі — тауық еті. Campylobacter адамда диарея, дене қызуының көтерілуі мен жүрек айнуды тудырады. Көп жағдайда ауру белгілері бірнеше күн ішінде өздігінен басылады. Ауыр түрлері сирек кездеседі.
Жұқтырудың алдын алу үшін мамандар етті кемінде 70°C температурада жақсылап пісіруді, шикі және дайын тағамға бір ыдысты пайдаланбауды, сондай-ақ ас үйдегі гигиена ережелерін қатаң сақтауды ұсынады. Бактерия пастерленбеген сүт, үй жануарлары және ластанған су арқылы да жұғуы мүмкін.
Аталған инфекция түрі міндетті түрде тіркелуі тиіс, ал су немесе тағаммен байланысты ықтимал жұқпалар туралы жергілікті экологиялық бақылау органдарына дереу хабарлануы қажет.
Айта кетелік шетелде инфекциялық аурулардан қалай сақтануға болатыны туралы жадыма жариялаған едік.