Швецияда жастар арасында ішек қатерлі ісігіне шалдыққандар саны артып келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы отыз жылда Швецияда тоқ ішек пен тік ішек қатерлі ісігіне шалдыққан жастар саны үш есеге жуық артқан, деп жазды АЗЕРТАДЖ.

Швецияда жастар арасында ішек қатерлі ісігіне шалдыққандар саны артып келеді
Фото: pexels.com

Бұл қорытындыны Каролин институтының зерттеушілері 1993–2019 жылдар аралығында 135 000-нан астам науқастың деректерін талдау арқылы жасаған.

Бұрын бұл ауру негізінен 65 жастан асқан адамдарда кездесетін болса, қазір ол 50 жасқа дейінгі тұлғаларда жиілеп барады. Ғалымдардың айтуынша, дәстүрлі қауіп факторлары — тұқым қуалаушылық пен ішектің қабыну аурулары — бұл көрсеткіштің өсуін толық түсіндіре алмайды. Мүмкін себептер ретінде балалық шақтағы семіздік, қозғалыссыз өмір салты және антибиотиктерді кеңінен қолдану аталады, бірақ нақты механизмдер әлі анық емес.

Сондай-ақ, жас пациенттерде ауру жиі кеш кезеңде анықталады. Бұл симптомдарды ұзақ уақыт бойы елемеумен байланысты болуы мүмкін.

Статистика бойынша, Швецияда жыл сайын шамамен 5500 тоқ ішек қатерлі ісігі және 2600 тік ішек қатерлі ісігі тіркеледі. Соңғысы көбіне еркектер арасында жиі кездеседі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Швецияда ішек инфекциясы өршіп тұрғанын жазған едік. Campylobacter бактериясы 200-ден астам адамға жұққан.

Соңғы жаңалықтар