Швецияда жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім екі есе төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы 20 жылда Швецияда инфаркт, инсульт және жүрек жеткіліксіздігі сияқты жүрек-қантамырлар ауруларынан болатын өлім-жітім екі есе азайды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Агенттіктің хабарлауынша, өткен жылы осы аурулардан шамамен 27 мың адам көз жұмды, бұл елдегі барлық өлім-жітімнің үштен бірін құрайды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жетістікке өмір салтының өзгеруі, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруы және медицинаның дамуының нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.
Қазір шведтер аз темекі шегетін, алкогольді аз тұтынатын, көбірек қозғалыс жасайтын және салауатты тамақтанатын болған.
Сонымен қатар, соңғы онжылдықтарда білім мен табыс деңгейі айтарлықтай өсті, бұл да қауіп-қатерді төмендетеді. Мысалы, Стокгольмде табысы жоғары ер адамдар орташа есеппен табысы ең төмен ер адамдарға қарағанда тоғыз жыл ұзақ өмір сүреді. Әйелдерде бұл айырмашылық шамамен бес жылды құрайды.
Жаңа дәрі-дәрмектер мен медициналық технологиялар, мысалы, кардиостимуляторлар және имплантталатын дефибрилляторлар, жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын 200 мың шведтің өмір сүру мүмкіндігін айтарлықтай арттырды. Бұл ауру жүректің жүктемеге төтеп бере алмауы салдарынан өлімге әкелуі мүмкін.
Қан қысымы мен холестеринді төмендететін қазіргі заманғы дәрілер, соның ішінде статиндер мен жаңа антикоагулянттар, сондай-ақ жетілдірілген емдеу әдістері мыңдаған адамның өмірін сақтауға мүмкіндік берді.
Бұдан бұрын Норвегия гендерлік теңдік рейтингінде Швецияны басып озғанын жазғанбыз.