Швецияның ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі тағайындалғанына небәрі бірнеше сағат өткенде отставкаға кетті

АСТАНА. KAZINFORM —  Швеция жаңа ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші тағайындаймын деп үлкен даудың ортасында қалды.

Швецияның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі
Фото: azertag.az

AZƏRTAC агенттігінің хабарлауынша, Тобиас Тюберг бұл қызметке тағайындалғаннан кейін небәрі бірнеше сағат ішінде отставкаға кеткен. Себебі — БАҚ тарапынан оның танысуға арналған Grindr сайтында бұрын жарияланған интимдік фотоларына қатысты сұрақтар туындаған. Тюберг қауіпсіздік тексерісі кезінде өз аккаунты туралы хабарламағанын мойындап, қызметке кірісуден өз еркімен бас тартқан.

Премьер-министр Ульф Кристерссон бұл жағдайды өте күрделі деп бағалап, жүйелі ақау болғанын мойындады. Ол мұндай жоғары деңгейдегі қызметке тексеріс кезінде маңызды ақпаратты жасыруға болмайтынын атап өтті.

Бұл — бір жылдың ішінде ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі қызметінен кеткен екінші жағдай. Бұған дейін, қаңтар айында, алдыңғы кеңесші Хенрик Ландерхольм құпия ақпаратпен абайсызда жұмыс істеуге қатысты тергеуді бастағаннан кейін отставкаға кетті. 

Оқиға оппозиция тарапынан өткір сынға ұшырады. Қорғаныс мәселелері жөніндегі социал-демократиялық партия өкілі Петер Хультквист мұндай қателіктер халықаралық арнайы қызметтердің Швецияға деген сеніміне нұқсан келтіретінін айтты. Ол осындай маңызды қызметке қатарынан екі рет орынсыз адамдарды тағайындау Швеция үкіметінің беделіне үлкен соққы екенін жеткізді.

Басқа партиялар да осыған ұқсас сын айтты. Жасылдар партиясы бұл жағдай үкіметтегі қауіпсіздік мәдениетінің өзі күмән тудыратынын жеткізді. Олардың пікірінше, халықаралық қауіп-қатерлер күшейіп жатқан тұста, Швеция әлдеқайда жауапты тәсілге лайық.

Солшыл партияның жетекшісі Нуши Дадгостар: «Біз тағы да Ульф Кристерссонның қауіпсіздік мәселелеріне көмектесетін және Швецияны халықаралық қауіпсіздік желісінде таныстыратын адамды таңдаудағы біліксіздігін көріп отырмыз», — деді.

Айта кету керек, бұған дейін Тюберг тәуекел деңгейі жоғары аймақтарда қызмет атқарған. 2017–2019 жылдары ол Ауғанстанда елші болған. Кейін Украинада елшілік қызметін атқарған және 2023 жылға дейін сол жерде жұмыс істеген. Соңғы уақытта ол Швеция СІМ-нің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімін басқарды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Швеция жастары дербес өмірге дайын емес екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар