Швейцария музейінен ежелгі алтын монеталар коллекциясы ұрланған
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемге әйгілі Париждегі Лувр музейінен кейін қарақшылардың нысанасына Швейцарияның Лозанна қаласындағы Рим археологиялық музейі ілікті, деп хабарлайды Euronews.
Швейцария билігі музейдегі күзетшіге шабуыл жасап, витринаны сындырып, онда қойылған ондаған алтын монетаны ұрлап кеткен екі қылмыскерді іздеп жатыр.
Қалалық полицияның мәліметінше, күдіктілер билет сатып алып, өзге келушілердің кеткенін күткен. Жабылуға аз уақыт қалғанда олар күзетшіге шабуыл жасап, витринаны талқандаған.
Ұрланған монеталардың ақшалай құны әзірге жарияланған жоқ, алайда полиция олардың «археологиялық құндылығы жоғары» екенін мәлімдеді.
Оқиға әлемдік нарықта алтын бағасы күрт көтерілген кезеңде болып отыр. Сондай-ақ Париждегі Луврда болған бағалы бұйымдарды ұрлау оқиғасы музейлердегі қауіпсіздік жүйесінің әлсіз тұстарын көрсеткен еді.
Мәлім етілгендей, Лозанна музейінің 64 жастағы швейцариялық күзетшісі тергеушілерге жауап берген, ол оқиғадан зардап шекпеген.
Кантон прокурорлары тергеу жұмысын бастады. Лозанна қалалық билігі музейге келтірілген залал бойынша сотқа шағым түсірді, ал алтын монеталардың заңды иесі болып табылатын өңірлік үкімет те қылмыстық шағым беретінін мәлімдеді.
Еске сала кетсек, Луврға 19 қазан күні таңертең ұрылар түскен. Қылмыскерлер небәрі жеті минут ішінде құны 88 млн еуроға бағаланған зергерлік бұйымдар мен қымбат тастарды ұрлап кеткен. Бір аптадан кейін бірнеше күдікті ұсталды. Оқиғадан соң музей залдарының шамамен үштен бірінде бейнебақылау камералары жоқ екені, ал бар сигнализацияның іске қосылмағаны анықталды. Одан бір ай өткен соң екі бельгиялық тағы да Лувр қауіпсіздік қызметін алдап өткен.
Париж прокуратурасының басшысы Лор Бекконың айтуынша, Луврға шабуылды кәсіби қылмыскерлер емес, ұсақ құқықбұзушылықтармен айналысатын, қаланың әлеуметтік осал аудандарында тұратын адамдар жасаған.
Бұған дейін Лувр музейі 2026 жылдың соңына дейін 100 бейнекамера орнататыны хабарланған болатын.
Ал кеше америкалық режиссер Луврда болған ең танымал ұрлық оқиғасы туралы триллерге ұқсас деректі фильм түсіруді жоспарлап отырғанын айтты.