Швейцария СІМ Газағы ауқымды гуманитарлық көмек қажет екенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Швейцарияның Сыртқы істер министрлігі (СІМ) Газа секторында тіркелген ең ауыр аштыққа қарсы тұру үшін ауқымды гуманитарлық көмек көрсету қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы.

Министрлік бұл туралы америкалық X әлеуметтік желісіндегі жазбасында хабарлады. Бұған дейін Азық-түлік қауіпсіздігінің фазаларын интеграцияланған жіктеу (IPC) шеңберінде сарапшылар жариялаған есепте 15 тамыздағы жағдай бойынша Газа қаласында аштық сенімді деректер негізінде расталғаны көрсетілген болатын.
Швейцария СІМ Палестина анклавындағы аштықтың расталғанына алаңдаушылық білдірді.
«Аштықтың әрі қарай ушығып, таралуына жол бермеу үшін шұғыл әрі ауқымды гуманитарлық шаралар қажет», – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар, Швейцария тарапы Израильден гуманитарлық көмектің Газа секторына кедергісіз жеткізілуін дереу қамтамасыз етуді талап етті.
IPC сарапшыларының жаңа есебінде Газа секторында жарты миллионнан астам адамның толыққанды аштық жағдайында қалғаны, оған қоса жаппай әлсіреу, тапшылық және алдын алуға болатын өлім-жітімнің орын алып отырғаны айтылған.
Айта кетелік БҰҰ Газа секторындағы ашаршылықты алғаш рет ресми түрде растады.