Швейцарияда халық санын 10 миллионмен шектеу бастамасы өтпей қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Швейцария азаматтары референдум барысында ел халқының санын 2050 жылға қарай 10 миллион адамнан асырмау туралы бастаманы қолдамады. Бұл туралы Le Temps басылымына сілтеме жасап, БЕЛТА жазды.
Басылым жариялаған алдын ала мәліметтерге сәйкес, дауыстарды санау қорытындысы бойынша сайлаушылардың 54,8 пайызы бастамаға қарсы дауыс берген. Ал 45,2 пайызы оны қолдаған.
Референдум өткізу бастамасын Швейцария халықтық партиясы көтерген болатын. Ұсынысқа сәйкес, ел халқының санын 2050 жылға дейін 10 миллион адамнан асырмау үшін бірқатар шараларды жүзеге асыру көзделді. 2025 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, Швейцария халқы шамамен 9,1 миллион адамды құраған.
Бастама авторлары соңғы жылдары жаппай көші-қонның артуы қылмыс деңгейінің өсуіне, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің көбеюіне, көлік инфрақұрылымының шамадан тыс жүктелуіне, тұрғын үй тапшылығына және жалдау ақысының қымбаттауына алып келгенін алға тартты.
Жоспар бойынша көші-қон ағынын шектеу бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылуы тиіс еді. Егер ел халқының саны 9,5 миллион адамнан асса, билік белгілі бір санаттағы босқындарға тұруға рұқсат беруді тоқтатып, отбасыларды біріктіру құқығын шектеуге мүмкіндік алар еді.
Сонымен қатар үкімет халықаралық келісімдер аясында көші-қонды шектеуге мүмкіндік беретін ерекше шарттар мен қорғаныс тетіктерін енгізу жөнінде келіссөздер жүргізуге міндеттелетін еді.
Егер қабылданған шараларға қарамастан халық саны белгіленген межеден асып, екі жыл бойы жоғары деңгейде сақталса және Берн Еуропалық одақпен арнайы жеңілдіктер немесе қорғаныс тетіктері жөнінде келісімге келе алмаса, онда Швейцария мүмкін болған алғашқы сәтте Еуропалық одақпен жасалған адамдардың еркін жүріп-тұруы туралы келісімнен шығуға тиіс болатын.
Аталған келісім Швейцария мен Еуропалық одаққа мүше елдердің азаматтарына белгіленген талаптарды сақтай отырып, бір-бірінің аумағында тұруға және жұмыс істеуге өзара құқық береді.
Бұған дейін швейцариялықтар халық санын 10 миллион адаммен шектеу мәселесі бойынша дауыс беріп жатқанын жаздық.