Швейцарияда халық санына шектеу қою туралы ұсыныс қызу талқыланып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ел халқының санын 10 миллион адаммен шектеу туралы ұсынысты оңшыл-консервативті Швейцария халық партиясы көтерді, деп хабарлайды DW.
Оңшылдардың пікірінше, көші-қонның артуы халық санының жылдам өсуіне алып келіп, бұл тұрғын үй секторының жағдайына, жергілікті көлік жүйесіне және коммуналдық қызметкге кері әсерін тигізіп отыр.
20 Minuten және Tamedia газеттерінің тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, Швейцария тұрғындарының 48 пайызы бұл жоспарды қолдап дауыс беруге ниетті. Ал респонденттердің 41 пайызы оған қарсы екенін білдірген.
Жоспарды қолдаушылар бұл мәселе бойынша референдум маусым айында өтуі тиіс деп санайды. Алайда үкімет әзірге мұны ресми түрде растаған жоқ. Швейцарияның басқа саяси партиялары бұл ұсынысты қабылдамауға шақырып отыр. Олардың пікірінше, қатаң шектеулер экономика мен халықтың әл-ауқатына зиян келтіреді, өйткені швейцариялық компаниялар шетелдік жұмыс күшіне тәуелді.
2025 жылдың көктеміндегі мәлімет бойынша, Швейцария халқының саны 9 048 900 адамға жеткен. Швейцариялық оңшылдар егер халық саны 9,5 миллионнан асып кетсе, билік елге көші-қонды ынталандыратын халықаралық келісімдерді бұзуы тиіс деп есептейді.
Айта кетелік Швейцариядағы референдум: әйелдер әскерге бармайтын болғаны туралы жазған едік.