Швейцарияда рельстер арасына орнатылған күн панельдері сәтті сынақтан өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Швейцарияда теміржол рельстерінің арасына орнатылған күн панельдерін пайдалану жобасының сынақтары сәтті аяқталды. Жаңа технологияға басқа елдер де қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды DW.

Швейцарияда рельстер арасына орнатылған күн панельдері сәтті сынақтан өтті
Фото: DW

Sun-Ways стартапы пойыздарды теміржол рельстерінің арасына орнатылатын арнайы күн панельдері арқылы өндірілген электр энергиясымен қамтамасыз етуді ұсынады. Өткен жылдың қыркүйегінде мұндай панельдер Швейцарияның Бютт қаласы маңындағы ұзындығы 100 метр болатын теміржол учаскесіне орнатылған.

Бастапқыда тәжірибе үш жылға жоспарланған болатын. Алайда алғашқы нәтижелердің сәтті болуы өңір билігіне бұл жүйені тұрақты негізде енгізу мүмкіндігін қарастыруға негіз болды.

Жоба іске қосылғалы бері аталған учаскедегі 48 күн панелі шамамен 16 мың киловатт-сағат электр энергиясын өндірген. Бұл жарықтандыру, су жылыту, жылыту жүйесі мен тұрмыстық техникасы толық электр қуатымен жұмыс істейтін бір үй шаруашылығының бір жылдық тұтынуына тең.

Сонымен қатар жобаның бірқатар кемшіліктері де бар. Әдетте күн панельдері тиімділігін арттыру үшін 35 градусқа дейін еңкейтіліп орнатылады. Ал теміржолда мұндай мүмкіндік жоқ. Дегенмен Sun-Ways мамандары панельдердің көлбеусіз орналасуы энергия өндіруді небәрі шамамен 10 пайызға ғана төмендететінін айтады.

Тағы бір мәселе – пойыздардың қозғалысы салдарынан панельдердің ластануы. Бұл олардың тиімділігін төмендетуі мүмкін. Осыған байланысты стартап пойыздардың алдыңғы және артқы бөлігіне панельдерді тазалайтын арнайы щеткалар орнатуды ұсынған.

Ал Халықаралық теміржол одағы жобаға қатысты өзге де қауіптерге назар аударды. Атап айтқанда, панельдерде микрожарықтардың пайда болуы өрт қаупін арттыруы мүмкін. Сондай-ақ олардың шағылысы машинистердің жұмысына кедергі келтіруі ықтимал.

Өз кезегінде Sun-Ways компаниясы панельдердің аса берік материалдардан жасалғанын және олардың бетіне шағылысуға қарсы арнайы жабын жағылатынын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Sun-Ways Италияның ұлттық теміржол инфрақұрылымы операторы Rete Ferroviaria Italiana-мен жұмыс істейтін компаниямен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Сондай-ақ стартап Оңтүстік Кореяда теміржолға күн панельдерін орнатуға рұқсат алып, Нидерланд, Қытай, Үндістан және Сингапур компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатыр.