Шығыс Қазақстан әкімдері көлік тұрақтарын кеңейту бойынша атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов тұрғын үйлердің маңындағы көлік тұрақтары мен аула ішіндегі жолдарды кеңейту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев және Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов өңір басшысына құрылысы жүргізіліп жатқан үйлердің аулаларындағы көлік тұрақтарын кеңейту бойынша атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Бүгінгі таңда қалалардың әкімдіктері бір пәтерге бір жарым көліктік орын деген есеппен көлік тұрақтарын және аула ішіндегі жолдарды жалпақтығы 6 метр етіп жобалауды бастаған.
Облыс басшысының тапсырмасын орындау аясында Өскеменде салынып жатқан 13 үйдің аулаларындағы көлік тұрақтарын кеңейтіп, аула ішіндегі жолдардың енін 6 метрге жеткізу бойынша шаралар қабылданған.
Мұндай жұмыстар Семей, Риддер, Аягөз қалаларында және Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде жүзеге асырылуда.
Жалпы, облыста құрылысы басталып кетен 18 үйдің аулаларында тұрақтар мен жолдар кеңейтіледі. Аймақ басшысы келешектегі жобаларда жаңа талаптардың ескерілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.