Шығыс Қазақстан облысында орын алған аусыл дерті де «шекара асып» келуі мүмкін - Ауыл шаруашылығы министрлігі

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында орын алған аусыл дерті де «шекара асып» келуі мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысында орын алған аусыл дерті де «шекара асып» келуі мүмкін  - Ауыл шаруашылығы министрлігі

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында   Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Нұртазина мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, маусымның 1-інде Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданына қарасты Боровое селосында  аусыл ауруының клиникалық белгілерімен 13 ірі қара мал тіркелген болатын.

«Қазір аусыл дертінің шығуына байланысты жергілікті аумақтық инспекторлар, комитет мамандары тиісті жұмыстарды атқаруда. Аусылдың шығуына қатысты барлық себептер қарастырылуда. Дегенмен, алдын ала мәліметтер бойынша аурудың көзі шекаралас аумақта орын алғаны белгілі болып отыр. Негізінен аусыл тіркелген ауылдың маңынан республикалық-халықаралық маңыздағы үлкен жол өтеді. Сондықтан да, аусыл ауруының қоздырғышы автотрассалық көліктермен, киіммен, топырақпен де берілетінін ескерсек, ең басты себептің бірі ретінде дерттің тысқары жерлерден келгендігін қарастыруға болады», - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Нұртазина.

Індеттің алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында барлық ауруға жұғысқан малдар алынып, жойылуда. Аусыл ауруымен күресу үшін буферлік аймақтағы 5 округтің 14 237 бас ірі қара малына және 11 976 бас ұсақ малға ветеринарлық дәрмектердің қажетті мөлшері  бөлінген.