Шығыс Қазақстан облысындағы энергия қуатын тұтыну теңгерімсіздіктері туралы

Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап «Шығысэнерготрейд» ЖШС-ның тапсырыс берген қуат көлемінің жетіспеуінен электр энергиясын келісімсіз тұтынуы 15 млн кВтс-тан асты. Жіберіліп отырған теңгерімсіздік, яғни электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеу қызметін дұрыс пайдаланбау Қазақстанның Ұлттық электр торабының жұмыс сенімділігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізіп отыр, делінген Акционерлік қоғамның баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
«KEGOC» АҚ жүйелік оператор ретінде жергілікті атқарушы өкімет орындарына аймақтық энергиямен жабдықтаушы ұйым мен бөлшек сауда нарығы операторы осы іс-әрекеттері арқылы «Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңының 13 бабы мен Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің 2008 жылғы 19 наурыздағы №70 бұйрығын бұзып отырғандығын хабарлады.
Жоғарыда аталған құжаттарға сәйкес, аймақтық электр желілік компаниялар электр энергиясын өндіру-тұтыну мен сальдо-ағындары тәуліктік кестесінің қадағалануын қамтамасыз етуі тиіс, бұл ретте тәуліктік және есепті кезең ішіндегі теңгерімсіздіктер сомасы (сальдо) нөлге теңесуі қажет.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өткен жылдың желтоқсан айында тапсырыс берілген және нақты тұтынылған электр энергиясының айырмасы 7,5 млн. кВт.с. (тұтынылған мөлшердің 10%) құрады. 2009 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша тұтыну мөлшері тапсырыс берілген мөлшерден асып кеткені байқалды (23 қарашадағы жағдай бойынша артық пайдалану 9.5 млн кВт.с. немесе 6 %-ды құрады), соның салдарынан тұтыну көлемін шектеуді мәжүрлеу шарасы қолданылды. 2009 жылғы 28 желтоқсанда болған Шығыс Қазақстан облысының арнайы ауданаралық экономикалық соты жүйелік оператордың іс-әрекетін заңды деп тапты.