Шығыс Қазақстан облысының ауылдарында поэзия кештері өткізілді

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - 2013 жылы қыркүйектің 23 мен 25 аралығында Бородулиха, Бесқарағай және Қарауыл ауылдарында интерактивті форматта қоғам қайраткерлері мен өңірлік ақындардың қатысуымен поэзия кештері өткізілді. Поэзия кештері БҰҰ Даму бағдарламасы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігі мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен өтті.
None
None

Шараны ұйымдастырудағы мақсат - халықты жергілікті ақындардың шығармалары арқылы жергілікті өзекті мәселелер мен сұрақтардың шешімін табуға шақыру. Осындай халықтық сипаттағы шаралар мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті тұрғындарды адамдардың күнделікті өмірдегі сұрақтары мен мәселелерін бірге талқылап, қарастыруға шақырады.

Поэзия кешін тамашалауға мектеп оқушылары, жасөспірімдер, егде адамдар, шағын және орта бизнес өкілдері, жергілікті мәслихаттардың басшылары мен қызметкерлері, ҮЕҰ жетекшілері және т.б. келді. Залда тыңдаушылар арасында әуесқой ақындар, соның ішінде жас ақындар да болды. Кеш барысында жергілікті ақындар да сахнаға шығып, отансүйгіштік пен бірлікке шақыратын өз туындыларын көрерменге паш етті.

Шығыс Қазақстан облысының атақты ақындары, қоғам қайраткерлері Құсмілия Нұрқасым мен Серік Молдабеков ұйымдастырушылармен бірге ауылдарға гастролдік сапармен барып, «Патриотизм», «Бірлік», «Белсенді өмір ұстанымы» атты тақырыпта әсем әуендер мен домбыраның сүйемелдеуімен өз туындыларын оқыды.

Жиналған жұрт Қарауыл ауылындағы «Ақ сұнқар» ақындар сыныбының оқушысы, жас ақын Нұрқыз Мырзаханның «Абайдың елі» өлең жолдарын «Оқып кел, ұлылардың өлеңдерін, Көрем десең керемет кемел көзін. Болмасаң да ұқсап бақ демеді ме? Алты Алашқа Абайдай кемеңгерім» естігенде, ду қол шапалақтап, тыңдармандардың туған жерге деген мақтаныш сезімдері арта түсті. «Семей өңірі, Шығыс өңірі ақындар мекені болғандықтан ақындыққа жақыншылығым бар»,- деп «Кең далам, сайын далам, сағым далам,Кезім жоқ сені бір сәт сағынбаған. Сен бердің жаныма бір жыр жалындаған, Сен бердің асау мінез арындаған» атты өлең жолдары бар «Туған жер» өлеңін Бородулиха ауданының ішкі саясат бөлімінің бас маманы Медет Жайдарбеков оқыды.

Аймақ ақындарының өлеңдері арқылы тұрғындардың белсенділіктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған поэзия кеші мақсатына жетті.

Поэзия кештері Семей өңірі бойынша ҚР Үкіметі мен БҰҰ Бірлескен бағдарламасының қолдауымен өткізілді. Аталған бағдарлама 2011 жылдан бері жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және Мыңжылдық даму мақсаттарында БҰҰ үш агенттігінің, ҚР Өңірлік даму министрлігінің және Шығыс Қазақстан облысы мен Семей қаласы әкімшіліктерінің қолдауымен жүзеге асырылды. Поэзия кештерін ұйымдастырушы «Success K» Медиа агенттігі.

Соңғы жаңалықтар