Шығыс Қазақстанда 564 оқушы «Алтын белгіге» үміткер

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл 8 860 оқушы мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда 564 оқушы «Алтын белгіге» үміткер

Облыстық ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова 2021-2022 оқу жылын қорытындылады.

«Өңір бойынша 644 мектепте 194 476 бала оқыды. Соңғы қоңырау жоспар бойынша-дәстүрлі түрде 25 мамырда офлайн форматта өтті. Аттестатты салтанатты тапсыру және бітіру 16-17 маусымға жоспарланған. Іс-шаралар мектеп қабырғасында өткізіледі», - деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл 11 сыныпты 8860 оқушы аяқтады.

Оның ішінде «Алтын белгіге» үміткер саны - 564, ал үздік аттестатқа үміткер - 789.

«9 сыныпты 17 264 бала бітірді. Олар үшін 28 мамырда басталған қорытынды емтихандар 6 маусымға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде балалар төрт пән бойынша емтихан тапсырады. Ал 8860 түлектің 7510-ы ұлттық біріңғай тестілеу тапсырады. Биыл мемлекеттік білім грантына үміткерлерге ҰБТ-ға 2 рет қатысуға мүмкіндік берілді», - деді Сайрангүл Жұмаділова.