Шығыс Қазақстанда биыл қай жолдар жөнделеді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында туристер көп қатынайтын су айдындарына апаратын жолдар жөндеуден өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл «Зайсан - Шілікті - Ақжар» тасжолының жобасы аяқталады. Бұл Зайсан және Тарбағатай аудандарын көлік жолымен байланыстыруға және елді мекендер арасында байланыс орнатуға мүмкіндік бермек.

«Сондай-ақ, туристер арасында танымал су қоймаларының жағалауын абаттандыру бойынша ауқымды жобаны іске асыру аясында Жаңа Бұқтырма кентіне баратын жолды жөндейміз. «Өскемен - Самар», «Өскемен - Солтүстік» жолдарын жөндеуге қаражат бөлініп, учаскелер анықталды», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Аудан орталықтары мен бұрынғы аудан орталықтарына апаратын және елді мекендерге кіреберіс жолдарға баса назар аударылған.

«Ұлан ауданы Бозанбай ауылына бұрылыстан Сібе көлдеріне дейінгі тасжолды реконструкциялаймыз. Республикалық маңызы бар жолдарға келетін болсақ, мұнда «Өскемен - Риддер» және «Өскемен - Алтай» тасжолдары жөнделеді», - деді аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар
telegram