Шығыс Қазақстанда Ізгілік айлығы жарияланды
ӨСКЕМЕН. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Шығыс Қазақстанда бүгіннен бастап Ізгілік айлығы жарияланды, оған барлық меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар, қоғамдық, діни бірлестіктер, мемлекеттік органдар қатысады,
деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен. Жалғызбасты қариялар мен мүгедектерге құрмет көрсетіледі, концерттер ұйымдастырылады және қамқорлық көмектер көрсетіледі.
Сәрсенбі күні, Қарттар күні қарсаңында, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақ ардагерлерімен кездесті. Әкім өз сөзінде, ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың тұрмыстарын көтеру үшін көп істер атқарылып жатқанын атап көрсетті.
«Аға буын өкілдерінің алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалып келді және орындала береді. Ол біздің міндетіміз», - деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Әкім сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстың жалғасатынын және аймақ әкімшілігінің қарияларға әлеуметтік қолдау көрсетуді кеңейткелі отырғанын атап көрсетті.
Шығыс Қазақстанда бүгінде 198 мың ардагер тұрып жатыр.