Шығыс Қазақстанда қыркүйек айында плазма банкі құрылады
Аймақ басшысы банкте кем дегенде 1000 доза болуы керектігін атап өтті.
«Біз қазан айындағы коронавирустың екінші толқынына дайын болуымыз қажет. Қазірден бастап плазма банкін құру үшін тиісті жұмыстар атқарылуы тиіс. Шығыс Қазақстанда 4 409 адам коронавирус инфекциясымен ауырып, жазылып шықты. Олардың қан плазмасы арқылы өзге науқастардың аурудан сауығып кетуіне көмектесе аламыз», - деді Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, плазма банкін құруға жедел түрде кірісу керек. Бүгінде медициналық мекемелердегі бас дәрігерлер мен әкімдердің негізгі міндеті - халыққа қан плазмасын тапсырудың маңызын түсіндіру.
Айта кетейік, ШҚО-дағы медициналық мекемелер үздік техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. 27 аурухана, оның басым бөлігі аудандық ауруханаларың әрқайсысында орташа есеппен 5 концентратор бар. «Шығысқазақстандық дәрігерлерге COVID-19 инфекциясымен күресудегі тәжірибелерімен бөліскен Татарстан Республикасының медицина қызметкерлері өңірдегі стационарлардың медициналық препараттармен жабдықталуына оң баға берді»,-делінген хабарламада.
Даниал Ахметов облыстың маусымдық ауруларға дайын екенін атап өтті. Мәселен, тұмауға қарсы вакцина егу жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Медициналық мекемелерге 20 000 вакцина жеткізу жоспарлануда. Вакцина мұқтаж жандарға тегін салынады.