Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау және білім беру мекемелері қазіргі заман талабына сай емес ? Б.Сапарбаев

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат – Облыс орталығының денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралаған аймақ әкімі Б.Сапарбаев Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау және білім беру мекемелері қазіргі заман талабына сай емес деген қорытындыға келді,

Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау және білім беру мекемелері қазіргі заман талабына сай емес ? Б.Сапарбаев
деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Егер де, ауруханалардың медициналық қондырғылармен жабдықталуы қанағаттанарлықтай десек те, ғимараттардың сыртқы келбеті мен ішкі көрінісі, палаталар, дәрігерлік бөлмелер мен дәліздердің жағдайы ешқандай сын көтермейтін жағдайда. Сонымен қатар сырқаттарды қабылдау мәселесіне байланысты Б.Сапарбаев бірқатар сын-ескертпелер айтты. № 2-ші консультациялық емханада болған кезде әкім медицина қызметкерлердің сырқаттарды тексеруіне, оларға дәрігерлік қызмет көрсету деңгейі мен біліктілігіне баса назар аударды. Аймақ басшысының пікіріне қарағанда, халыққа медициналық қызмет көрсетудің бұл түрі заман талабына сай дамымаған. «Ауруға ертерек диагностика қоюмен жүйелі және белсенді түрде айналыспасақ, онда оның төмендеуіне қол жеткізу екіталай», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.Әкім облыстық аурухананың көз микрохирургиясы бөлімінің қазіргі жағдайын қатты сынға алды. Жарты ғасырдан астам уақыт тұрған ескі ғимараттың ішіндегі гинекология бөліміне жасалған жөндеу жұмыстарының сапасына әкімнің көңілі толмады. Облыстық онкологиялық диспансерді аралаған аймақ әкімі мұндағы қалыптасқан күрделі жағдайды өз көзімен көрді. Сәулемен емдеу орталығының толық жұмыс істеуі үшін, оны қайта жабдықтау қажет, ал осы мақсатқа жұмсалатын қаржы 380 млн. теңгені құрайды. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы туралы айтар болсақ, мұнда да жөндеу жұмыстарының қажет екені көзге ұрып тұрды. Жалпы алғанда Б.Сапарбаев «жол картасы» шарасын мақсатты түрде емдеу-профилактика және дәрігерлік-санитарлық саланың жағдайын дұрыстауға пайдаланатынын білдірді.Бұдан басқа, облыс әкімі № 1-ші қазақ орта мектебінде, М.Әуезов атындағы № 17-ші орта мектепте болды. Пәндік кабинеттерді жабдықтау, Интернет пен интерактивтік тақтаны тиімді пайдалану, балалардың сабақтан тыс уақыттарын дұрыс пайдалануы, ыстық тамақты ұйымдастыру, мектептің, мектеп ауласының эстетикалық рәсімделуі, спорт және акт залдарының жағдайы және т.б. мәселелер ұстаздармен және мектеп оқушыларымен өткен кездесуде талқыланды. № 1-ші кәсіби-техникалық лицейде болған әкім сұранысқа ие кәсіби-техникалық мамандар дайындау және қайта дайындау мәселесіне жете мән берді. Сондай-ақ қазіргі заманғы технология мен қондырғыларды пайдалану арқылы жаңа оқу бағдарламасы негізінде мамандар дайындаудың маңызы зор. Сонымен қатар, лицей оқушыларына жұмыс беретін кәсіпорындармен тығыз байланыс орнату қажет.