Шығыс өңірде өзен суларының деңгейі күрт көтерілді
Төтенше жағдайлар қызметі су деңгейінің көбеюі салдарынан Өскемен, Семей қалаларында, Глубоков, Күршім, Қатонқарағай аудандарында бірқатар үйлерді су басу дерегін тіркеді. Су тасқынына қарсы жұмыстарға 50-ден астам техника мен құтқарушылар жеке құрамының 120 маманы жұмылдырылды.
Түні бойы өзен жағалауларын бекіту, жеке тұрғын үй аумақтарына кірген суларды шығару жұмыстары атқарылды.
Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жүргізілген жоқ, қаза тапқандар мен қирандылар туралы ақпарат тіркелмеді.
Қазіргі уақытта су басу қаупі басым учаскелердегі ахуал тұрақтанды. Дегенмен, су тасқынының алдын алуға бағытталған шаралар жүргізілуде.
Айта кетерлігі, облыстық төтенше жағдайлар қызметі ауа температурасының жылынуына орай өңірде су деңгейінің көтерілуі әрі су басу қаупі бар екендігін ескертуде.