Шығысқазақстандықтар Астана күнін атап өтіп жатыр

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, облыстың қала, аудандарында Астана күніне орай түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Оның ішінде мәдени-бұқаралық, ғылыми-танымдық, спорттық, қайырымдылық және экологиялық шаралар бар. Өскемен қаласында концерттер, кітап көрмелері, викториналар, экскурсиялар, дөңгелек үстелдер мен фестивальдар өтуде. Шығыс Қазақстан әкімі Ермек Көшербаев халықты мерекемен құттықтады.

«Бүгін еліміздің бас қаласы, Қазақстан тәуелсіздігінің символы – Астана қаласы өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Еуразияның қақ ортасында орналасқан, саяси-экономикалық және мәдени орталыққа айналған елордамыздың халықаралық деңгейдегі дәрежесі жыл сайын артып келеді. Астана төрінде әлемдік ауқымдағы шаралар өткізіліп, ел болашағын айқындай түскен түрлі келісімдерге қол қойылуда. Баршаңызды Астана күнімен құттықтай отырып, бақ-береке мен амандық тілеймін!», - деді ол.

Ертең сағат 17.00-де Өскемендегі Жамбыл саябағында «Ертіс концерт» мекемесінің шығармашылық ұжымдары мен солистерінің қатысуымен «Ел жүрегі – Астана» атты мерекелік концерт өтеді. Барлығы облыста 127 ауқымды шара өтеді деп жоспарлануда.